СҚО-да жалғызбасты ана желіге жариялаған фотосы үшін жұмыстан айырылып қалған
Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданында прокуратурада тазалық жұмыстарын атқарған жалғызбасты ана желіге оған берілген пәтердің фотосын жариялағаннан кейін жұмыссыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Виолетта Салихованың жеке мұрағатынан
Виолетта Салихова Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының прокуратурасында тазалық жұмыстарын жүргізген. Ал үш ай бұрын тазалық компаниясына жұмысқа орналасыпты, алайда қазір жұмысы жоқ.
Виолеттаның азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі оған мүлдем көмектеспейді екен, алимент төлемейді. Виолеттаның негізгі мамандығы – өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі. Бұрын бастауыш сыныптарда сабақ берген. Бірақ мектеп жоғары оқу орнының дипломын талап ететіндіктен, оның орта арнаулы білімі жарамай қалыпты. Сөйтіп басқа жұмыс іздеуге тура келді.
Сатушы болған, биылдан бастап құзырлы орган кеңсесін жинай бастады. Тазалық жұмысының жалақысы – айына 93 мың теңге.
“Бұл күнкөріске әрең жетеді, онымен қоса пәтер ақысы бар. Ата-анам азық-түлікпен көмектеседі. Олар көрші ауылда тұрады. Олардың көкөніс бақшасы мен жеке шаруашылығы бар. Олармен бірге тұруға болар еді, бірақ ол жерде жұмыс мүлдем жоқ. Облыс орталығында жұмыс табуға болады ғой деп, осында пәтер жалдауға мәжбүрміз”, – деді Виолетта Салихова.
Жалғызбасты ана пәтер алу үшін кезекке тұрған.
"Ұлымды босанған бойда бірден баспана кезегіне тұрдым. Мен кезекте 16-шы болдым. Бірақ биыл әкімдікке келсем, тізімде атым жоқ екен. Бізге облысқа жаңа әкім келді. Ол пәтер береміз деп уәде берді", – дейді Виолетта Салихова.
Виолеттаға пәтер берілді. Тек сол жерде жөндеуді ол өзі жасау керек еді. Аудан әкімдігі тек еден ауыстыруды өз мойнына алды.
"Шілдеде оған пәтерді көрсеткенде, әкімдік еденді жөндейді деген шарт болған. Ал косметикалық жөндеу жұмыстарын өзі жасайды. Ол күзде көшіп келді. 643 мың теңгеге жөндеу жүргіздік. Олар негіз салып, үстіне линолеум қойды. 10 қыркүйекте аяқталды", – деді Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Қанат Иманжанов.
Жалғызбасты жас анаға едендегі ескі тақталарды бөлшектеуге тура келді. Тозығы жеткен пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге келіскен Виолетта сонда тұра аламын деп үміттенді.
Бірақ пәтер әйел ойлағаннан әлдеқайда нашар болып шықты. Виолетта тозығы жеткен екі қабатты ғимараттың фотосын жариялап, соның салдарынан жағымсыз жағдайға тап болды.
Фото: Виолетта Салихованың жеке мұрағатынан
"Аудан прокуроры интернетке бірдеңе салатын болсаң, кеткенің жөн деді. Мен өз еркіммен арыз жаздым. Прокуратурада тазалық компаниясы арқылы жұмыс істедім. Ол сол жерге телефон соғып, солай айтқан көрінеді", – деді Виолетта.
Одан кейін ол наубайханада тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта ол жерге барып жұмыс істеп, нан пісіруді жоспарлап отыр. Ана жаңа баспана тауып, екі бөлмелі пәтер жалдаған. Жалға алу үшін 45 мың, оған қоса коммуналдық қызмет үшін тағы бес мыңдай төлеу керек. Прокуратурада тазалық жасағаны үшін төлеген ақшадан бірінші айдың пәтер ақысын төледі.
"Бұл жер жылы, су бар, жөнделген. Мен үшін ұлымның қалыпты адамға қолайлы жерде өсуі маңызды. Әкімдік берген пәтер өте суық болатын. Менің ұлым сол үшін пневмониямен ауырып, ауруханаға түсті", – деді ол.
Әкімдік ұсынған сол бұрынғы үйдің кіреберісінде алты пәтер бар. Бірақ қыздың айтуынша, онда ешкім тұрмайды. Ол да бір жарым ай ғана тұра алды.
"Олар адамдарға пәтер береді, бірақ адамдар алмайды. Кіреберісте жарық жоқ. Мен шамды бұрап қойдым, ол жұмыс істемейді. Едендерімді орнатқан кезде пәтердің есігі ойылып қалды. Төбеден сылақ құлап жатты. Дәлізді әктеп, тұсқағаз жаптым. Мен өмір сүру жағдайын жасауға барынша тырыстым ", – дейді Виолетта.
Кішкентай ас үйде пеш немесе раковина жоқ.
Қыздың айтуынша, еден астында егеуқұйрықтар жүреді. Виолетта Салихова едендегі тесіктерді бітегенімен, егеуқұйрықтар тесіп тастайды екен.
Аудан әкімдігі қыздың бұл суретті неліктен әлеуметтік желіге жариялағанына таң қалды.
"Алғашында ол осы пәтерде тұрды. Бірақ біз оған басқа пәтер тапқанша көшуді ұсындық ", – деді Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Қанат Иманжанов.