Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да өзін полицей ретінде таныстырып, қарияларды алдап, психотроптық заттарды заңсыз сақтаған адам сотталды

Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтық пен есірткіге қатысы бар адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бірнеше рет алаяқтық әрекетке барып, психотроптық заттарды заңсыз иемденген айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот мәліметінше, айыпталушы қарт адамдарға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Сондай-ақ туыстарының жол апатына ұшырағанын хабарлаған. Ол жәбірленушілерді емдеу мәселесін шешу және зардап шеккендердің туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен алу үшін ақша талап еткен. Жәбірленушілер қоңырау шалған адамның қылмыстық ниетінен күдіктенбей, сенім білдірген. Осылайша олар айыпталушыға 900 мың теңгеден 5,5 млиллион теңгеге дейін ақша берген.

“Сотталушы оның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын басқа тұлғалардың есепшотына жіберген. Сондай-ақ сотталушы 193,06 грамм көлемінде психотроптық заттарды өткізу мақсатында оның тұрғылықты жерінде заңсыз иемденіп, сақтаған. Сотталушының кінәсі өзінің мойындауымен, сондай-ақ жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді”, – делінген сот хабарламасында. 

Ал прокурор айыпталушыға 10 жыл көлемінде жаза тағайындауды сұрады.

“Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi), 190-бабының 3-бөлігінің 1,4) тармақтары (Алаяқтық) бойынша 3 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3-бөлігі, 1, 3, 5-тармақтары ( Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша 7 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды, яғни 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады”, – делінген хабарламада. 

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кінәсін ішінара мойындауын және кәмелет жасына толмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Нәтижесінде, сотталушы 3 бап бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды. 

Талқылау