Өз анасын аяусыз өлтіріп, өртеп жіберген қазақстандық жазадан құтылып кетті
Солтүстік Қазақстан облысында өз анасын аяусыз өлтіріп, кейін өртеп жіберген жігіт қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот шешімі бойынша 30 жастағы азамат мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Қайғылы оқиға былтыр 10 қарашада Есіл ауданының Явленка ауылында болған. 30 жастағы жігіт өз анасын өлтіріп, кейін қылмысын жасыру үшін үйге өрт қойған.
Аталған іс Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық жағдайда қаралды. Өйткені айыпталушының психикалық ауытқуы бар. Ол бірден Алматы облысындағы емдеу мекемесіне жіберілген. Сондықтан үкім оқылғанда сот залында болған жоқ. Оның заңды өкілі ғана қатысты.
"Сот қаулысымен Константин Белопухов Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (Аса қатыгездiкпен жасалған адам өлтіру), 108-баптың 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру), 202-баптың 2-бөлігі, 1-тармағында (Бөтеннің мүлкін өрт қою, жарылыс жасау арқылы немесе өзге де жалпы қауiптi тәсілмен бүлдіру) көзделген қауіпті әрекеттерді ақылсыз күйде жасағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Қылмыстық кодекстің 16-бабына (Есi дұрыс еместiк) сәйкес, ол Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас кентінде орналасқан мамандандырылған психиатриялық стационарға жіберілді. Оған емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалсын", – деді үкімді оқыған судья Ерлан Нұршарыпов.
Кейін шығарылған шешімді түсіндірген Ерлан Нұршарыпов Константин Белопуховтың созылмалы психикалық аурумен ауырғанын айтты. Оны сараптама қорытындысы да көрсеткен. Белопухов қылмыс жасаған уақытта өз әрекеттеріне есеп бере алмаған.
Айта кетейік, 30 жастағы Константин Белопухов бұрын істі болмаған. Ол соңғы уақытта Ресейдің Омбы қаласында тұрған. Анасына қонаққа келген екен.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте ұлы 54 жастағы анасын өлтіріп, өртеп жібергені туралы жазған едік.