Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да бір отбасының тұшпарадан улануы: Медбике екі жылға бас бостандығынан айырылды

СҚО тұшпарадан уланған балалар

Фото: Tengrinews.kz

Солтүстік Қазақстан облысында екі баланың өліміне себеп болған медбикеге сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 13 маусымында Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылында орын алды. Дүкеннен алынған тұшпарадан кейін бір отбасыдағы бес адам уланып қалған. Артынша олар ауылдық медпунктке жүгінген.

Алайда медбике жағдайдың шұғылдығына мән бермей, отбасы мүшелеріне ешқандай ем тағайындамаған. Оған қоса, улану фактісі туралы ауруханаға да, санитарлық қызметке де хабарламаған.

Таңға жуық үш жасар ұл бала көз жұмды. Оның алты жастағы әпкесін көпсалалы балалар ауруханасына жеткізгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады. Үшінші бала мен анасы ауыр халде болған, оларды дәрігерлер аман алып қалған.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Сот оны "Медицина қызметкерінің өз міндетін тиісінше орындамауы, адам өліміне әкеп соққан абайсыздық" бабы бойынша кінәлі деп таныды.


Солтүстік Қазақстанда отбасы тұшпарадан уланған: Көз жұмған балалардың анасы іс қозғалмай жатқанын айтып ашуланды


"Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар, үш жыл мерзімге медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемесінде өтесін. Бұған дейін таңдалған бұлтартпау шарасы – елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат – өзгертіліп, сот залында дереу қамауға алынсын", – делінген соттың үкімінде. 

Сот Коваленконың моральдық зиянды өндіру бойынша сотталушы мен Қызылжар аудандық ауруханасына қарсы берген азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, Қызылжар аудандық ауруханасынан 10 миллион теңге өндіріп алуға шешім шығарды. Судья түсіндіргендей, заң бойынша еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкер келтірген зиянды жұмыс беруші – заңды тұлға өтейді.

Сондай-ақ судья шартты түрде жаза тағайындауға негіздердің жоқ екенін және кәсіби міндетіне немқұрайлы қараған медбикенің салғырттығы екі баланың өліміне алып келгенін атап өтті.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жас екенін және оң мінездемесін ескерді.

Сот үкіміне қатысты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пікір білдірді.

“Өкінішке қарай, медбике ғана кінәлі деп танылды. Бұл менің ойымша, өте ауыр жаза. Сосын ауылдық медицинада неге кадр тапшы деп таң қаламыз. Үкімге апелляция беру мүмкіндігі бар деп үміттенемін”, – деді ол. 

Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда дүкеннен алынған тұшпарадан бір отбасы уланып, екі бала көз жұмғаны туралы жазған едік. Оларды тексеру кезінде ағзаларында стафилококк бактериясы анықталды

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 19:25
Талқылау