"Неге Бишімбаев ескі Қазақстан үшін жауап беруі керек?": Бишімбаевтың адвокаты жәбірленушінің қорғаушысына қарсы шықты
Отырыс барысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сотталушы Қуандық Бишімбаевты және оның жасаған барлық әрекетін толық ақтауға тырыспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
"Біз оны шынымен жасаған әрекеттері үшін жазалауды сұраймыз. Бишімбаев та Нүкенованың өліміне қатысы бар екенін, кінәсін жоққа шығармайды. Бірақ біз мұнда не үшін жиналдық? Басты сұраққа жауап беру үшін жиналдық: Мұндай жағдай Нүкенованы өлтіргісі келгендіктен болды ма, әлде оны ұрғысы келіп, бірақ күшін дұрыс есептей алмағаннан болды ма? Кеше айыптаушы тараптың сөйлеген сөзі тек эмоциядан тұрды. Олар сізге Салтанаттың тірі кездегі суреттерін көрсетті, содан кейін оның мәйітін ашқаннан кейінгісін көрсетті. Бөтелкедегі қанды бейнелеуге тырысты, оны пакетке құйды. Бишімбаевты емес, сіздерді 30 жыл бойы қанаған шенеунікті соттап жатқандай көрсетті", – дейді Ерлан Ғазымжанов.
Оның айтуынша, бұл – психологияға әсер етудің жақсы әдістері. Олар қылмыстық істі бірінші рет қарап отырған қарапайым адамды таңғалдыруы мүмкін. Алайда эмоциялар мен қорқынышты фотолар жеткіліксіз деп қосты адвокат.
Бишімбаев адвокаты алқабилер БАҚ арқылы халықтың қатаң қысымын көріп, жәбірленуші тараптың пайдасына жұмыс істеуге мәжбүр екеніне назар аударды. Ол тек адвокаттар мен судьялар ғана емес, сонымен бірге "жағымсыз" куәгерлер де қысым көріп жатқанын еске салды.
“Оларға күледі, мазақ етеді. Сол себепті олар сотта сөйлеу үшін өз деректерін көрсеткісі келмейді. Өйткені олар "үнемі қатты қысымға ұшырайды. Мұның бәрі бір ғана мақсатта шатастыру үшін жасалады. Алқабилер, заң бойынша тиіс үкімді емес, сіз үшін құрылған виртуалды қоғам қалайтын үкім шығаруыңыз үшін істеліп отыр. Барлық жауапкершілікті сезінуді сұраймын. Сіз қасақана кісі өлтіруді байқаусызда болған өлімнен ажырата аласыз", – деп атап өтті адвокат.
Сонымен қатар, Назкен Құсайынова жәбірленуші тараптың елді "элиталық паразиттерден" тазарту туралы мәлімдемесіне жауап берді.
"Егер Бишімбаев емес, қарапайым адам болса, бұл іс ешкімге қызық болмас еді. Істі ешкім бұқаралық ақпарат құралдарында таратып, көрмес еді. Қазір жәбірленуші тарап Бишімбаев “ескі Қазақстан” үшін жауап беруі керек дейді. Оған Бишімбаев жауапты дегенді қайдан шығарды? Ол тек істеген әрекеттері үшін жауап беруі керек. Істегенін толық мойындады. Салтанатты ұрғанын, дене жарақатын салғанын мойындады, бірақ өледі деп ойламады", – деді Назкен Құсайынова сот жарыссөзінде.
Бұған дейін адвокат Лейла Рамазанова да Қуандық Бишімбаев Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде 10 жаста болғанын, сондықтан ол сол кездегі жайттарға жауап бере алмайтынын айтқан еді.
"Адвокат Вранчев кеше (2 мамыр) халықтың 30 жылдағы қайғы-қасіреті үшін Бишімбаевты құрбан етуі керек дегендей мәлімдеді. Неге Қуандық жауап беруі керек? 30 жыл бұрын ол 10 жаста еді. Егер Қуандық бәрі қалағандай жазаланса біздің қоғамда барлық мәселе шешіліп кете ме?" – деп сұрады қорғаушы.
Айта кетейік, кеше сот жарыссөзінде Нүкенованың адвокаттары сөйлеген еді.
Адвокат Игорь Вранчев алқабилерге үндеу жасады.
“Әр азаматтың тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Өйткені менің ойымша, Бишімбаевтың бостандыққа шығуына мүмкіндік бермей, оны кінәлі деп тауып, дұрыс шешім шығарсаңыздар, бүкіл Қазақстанды, бүкіл халқымызды элиталық паразиттерден азат етесіздер”, – дейді адвокат.