Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыртқы істер министрлігі Ираннан қазақстандық дипломаттар елге жеткізілгенін айтты

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Сыртқы істер министрлігі Ираннан қазақстандық дипломаттардың эвакуацияланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Үкімет брифингінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты. 

“Ираннан эвакуациялау жұмыстары жүзеге асырылды. Ол жақта дипломаттар ғана емес, екі бас консулдық бар. Сонымен қатар құрамына Қазақстан кіретін Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) штаб-пәтері орналасқан. Жағдайды алдын ала болжап, біз дипломатиялық миссия қызметкерлерін, олардың отбасы мүшелерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы штаб-пәтеріндегі Қазақстан өкілдерін эвакуацияладық”, – деді Әлібек Бақаев.

Сонымен қатар министрдің орынбасары бүгін 460 Қазақстан азаматын эвакуациялау жоспарланып отырғанын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты шетелде қалып қойған қазақстандықтар елге қалай жеткізілетінін  айтқан еді. 

Жағдайдың мән-жайы

2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 14:14