300 қазақстандық Израиль-Иран қақтығысына байланысты БАӘ-де қалып қойған
Фото: pixabay.com
Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ресми өкіл Айбек Смадияров Иран мен Израильде қазір қанша қазақстандық жүргенін айтты. Сондай-ақ екі ел арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты БАӘ-ден 300 қазақстандық үйіне қайта алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазір Иранда 132 қазақстандық, Израильде 219 қазақстандық бар, консулдықтар азаматтарымызбен тұрақты байланыста", – деді Айбек Смадияров.
Ол азаматтарымыздың арасында қаза болғандар мен жараланғандар жоқ екенін айтты.
Министрлік өкілі Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарын күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
"Қазір Иран мен Израильде жүрген Қазақстан азаматтарын аса қажет болмаса тұрғылықты жерінен шықпауын, қырағы және сақ болып, жаңалықтарды қадағалап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауын сұраймыз. Сондай-ақ сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы және Израиль мемлекетіндегі елшіліктерімен тығыз байланыста болуға кеңес береміз", – деді Смадияров.
Сондай-ақ Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты БАӘ-ден 300 қазақстандық үйіне қайта алмай отырғанын атап өтті.
"Қазір БАӘ мен Қазақстанның кейбір әуекомпаниялары рейстерінің тоқтатылуына байланысты көбі туристерден тұратын 300-ге жуық Қазақстан азаматының ұшып кетуі уақытша қиын болып тұр. Оқиға орнында дипломаттарымыз жұмыс істеп жатыр. Әуекомпанияларымен жасалған келісімнің арқасында жақын арада азаматтардың жартысынан астамы елге оралады деп күтіліп отыр", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Ол Қазақстанның мемлекеттік органдарының ескертуіне қарамастан, осы екі күнде Қазақстаннан БАӘ-ге ұшатын ұшақтар ұшып жатқанын атап өтті.
Айбек Смадияровтың айтуынша, соңғы күндері Иран аумағынан шыққысы келген біраз қазақстандыққа көмек көрсетілген.
"14 маусымда Иранға іссапармен барған Қазақстан Республикасының алты азаматына Әзірбайжан арқылы отанына оралуға көмек көрсетілді. Ал 15 маусымда 68 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттардың отбасы мүшелері, Қазақстаннан іссапармен барған экономикалық ынтымақтастық ұйымы хатшылығының қызметкерлері, іссапармен жүрген азаматтарымыз Ираннан Түркіменстан арқылы шығарылды. Алдағы күндері барша отандасымыз елге оралады деген сенімдеміз", – деп мәлімдеді ол.
Ал Қазақстан Республикасының Ирандағы өкілдіктерінің қызметкерлері әдеттегідей жұмыс істеп жатыр.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Қорғаныс армиясы Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған еді. Иран қарымта жауап ретінде дрондар ұшырды.
16 маусымда Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдерден 120-ға жуық адам өткізу бекеттері арқылы Түрікменстан шекарасына өткенін мәлімдеді.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
