Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сириялықтар жаппай Башар Асадтың үйін тонап кетті: Оның Дамаскідегі сәнді гаражынан қандай көліктер табылғаны анықталды (видео)

Сирия президенті Башар Асадтың алты қабатты сәнді үйін тонап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Times of Israel басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Сирияда алпыс жылдан астам уақытқа созылған дәуір аяқталды. 1963 жылдан бері билікте болған Баас партиясы құлағаннан кейін Башар Асад президенттік қызметінен кетті. Осы оқиғадан кейін оның Дамаскідегі Әл-Малики аймағындағы сәнді резиденциясы тонауға ұшырады. Алдымен оны Хаят Тахрир аш-Шам (HTS) тобының көтерілісшілері басып алды. Содан кейін қалған мүлікті жергілікті тонаушылар алып кетті.



"Желіде тараған суреттерден алты қабатты үй мен үлкен бақшаны аралап жүрген әйелдерді, балалар мен ер адамдарды көруге болады. Ал резиденцияның кіреберісі өртеніп кеткен. Үй ішінде еденге лақтырылған жиһаздар мен Асадтың портреті болмаса, бөлмелер толығымен бос деуге болады", – деп жазады басылым.

Сондай-ақ үй жанынан көліктерге толы гаражды көруге болады. Табылған көліктердің ішінде Toyota, Audi, Mercedes бар. Көлемі жағынан сауда орталығындағы автотұраққа ұқсайтын гараж түсірілген видео желіде тарады. 

Кадрлар гараждағы көліктердің арасында сәнді модельдердің бар екенін көрсетеді:

  • Ferrari F50 – әлемде шектеулі 349 данасы шығарылған сирек суперкар;
  • Lamborghini Diablo және Lamborghini LM002 – италиялық автоөндірушінің көрнекті үлгілері;
  • Rolls-Royce Wraith және Bentley Continental GT – британиялық сән-салтанаттың символы;
  • Mercedes-Benz SLS AMG, Audi R8 және Aston Martin Rapide неміс және британиялық автомобиль өнеркәсібінің шығарылымы.

Сонымен қатар коллекцияға Cadillac Escalade, BMW 7-Series және Mercedes-Benz S-Class сияқты брендтердің жол талғамайтын көліктері, седандары мен лимузиндері кіреді. Көптеген көліктерді шаң басып қалған. Соған қарағанда олардың басым көпшілігі ұзақ уақыт бойы қолданылмаған. Ensohaber басылымының мәліметінше, оппозиционерлер көліктерді иеленіп алған. 

Бұдан бөлек көтерілісшілер Иран елшілігіне де баса көктеп кірген. Онда олар "Хезболла" ұйымының өлтірілген жетекшісі Хасан Насралланың портреттерін қиратып, Асад дәуіріндегі Иран туы мен рәміздерін таптап, бұрынғы режимге қатыгездік танытқан. 

Сонымен бірге сириялық оппозиция азаматтарды мемлекет меншігіне қамқорлық жасауға шақырып, оның барша халыққа тиесілі екенін еске салды.

Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады. 

8 желтоқтанда Асадтың президент қызметінен кеткені және Сириядан шыққаны туралы алғашқы ресми мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялады. Алайда сол кезде Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың қай жерде екені туралы ешқандай мәлімет бермеген. Кейінірек ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Асадқа және оның жақындарына "гуманитарлық мақсаттарды ескере отырып" баспана бергенін хабарлады.

Талқылау