Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Синоптиктер наурызда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты

жауын-шашын жауадыФото: pexels.com

"Қазгидромет" 2026 жылғы наурызда Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы нормадан сәл жоғары болып, көп жауын-шашын жауатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мамандардың айтуынша, наурыз айында елдің көп өңірінде ауа райы әдеттегіден сәл жылырақ болады. Орташа айлық температура қалыпты деңгейден шамамен 1°С-қа жоғары болады деген болжам айтылады. Ал Жетісу өңірінің басым бөлігінде, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында күн райы көп өзгермей, нормаға сай сақталады.

Жауын-шашын да республика бойынша көбіне молырақ түсуі мүмкін. Дегенмен Ақтөбе, Ұлытау, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан мен Атыраудың шығысында, сондай-ақ Түркістан мен Жамбыл облыстарының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері әдеттегі шамадан аспайды.

Жалпы алғанда, айлық орташа температура елдің көп жерінде 0…-7°C шамасында болады. Ал Түркістан мен Жамбыл өңірлерінде, Маңғыстаудың оңтүстік-батысында және Қызылорданың оңтүстігінде күн +5…+10°C-қа дейін жылынады. Елдің қиыр шығысында, керісінше, -8…-11°C суық сақталуы ықтимал.

Ал алдағы үш күнде Орал тауы жақтан жылжыған циклон Қазақстанды басып өтіп, қар мен жаңбыр жауғызуы, көктайғақ туғызуы, желді күшейтіп, кей жерлерде боран соқтыруы мүмкін. 18 ақпаннан кейін оның ізімен Хельсинки тұсынан антициклон келіп, солтүстік өңірлерде күн суытып, жауын-шашын біртіндеп саябырлайды.

Солтүстікте түнде аяз 18-23°C-қа дейін күшеюі мүмкін. Ал оңтүстікте, керісінше, күндіз ауа температурасы +15…+20°C-қа дейін көтеріліп, көктем лебі сезіледі. Мұны Қара теңіз маңынан жылжып келе жатқан тағы бір циклонның әсерімен байланыстурағы болады.



Еске салайық, бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалысқа шектеу енгізілгенін жазған едік. Мұндай шектеулер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін боран, көктайғақ және көрінудің төмендеуі кезінде тұрақты түрде қолданылады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 14:54