Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сингапурлық компания Қазақстанда 690 миллиард теңгеге екі дата орталығын салмақ

Елімізде Ақмола және Қарағанды ​​облыстарында екі ірі деректерді өңдеу орталығы салынады. Жоба сингапурлық GK Hyperscale Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Премьер-министр Олжас Бектенов сингапурлық GK Hyperscale Ltd компаниясымен келісімге қол қойды. Құжатта екі дата орталығының құрылысы мен жұмысын қамтамасыз етуге 690 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатыны жазылған. Олардың жиынтық IT қуаты 200 МВт болады. Бірінші кезеңнің іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған. Ал екінші дата орталығы 2030 жылға қарай толық іске қосылады. 

"Мұндай орталықтарды құру Қазақстанға Microsoft, Google және Amazon сияқты халықаралық технологиялық алпауыттарды, үлкен деректермен, машиналық оқытумен жұмыс істейтін компанияларды тартуға мүмкіндік береді", – делінген үкімет хабарламасында. 



Цифрлық даму министрлігі жобаға қатысып, оны мемлекеттік цифрлық экожүйеге біріктіріп, бұлтты технологиялар мен жоғары өнімді есептеулерді дамытуға жағдай жасап жатыр. Жоба цифрлық экономикаға серпін беріп, жұмыс орындарын ашып, технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға жәрдемдеседі. Қазақстан ІТ-қызметтерінің экспортын ұлғайтуды, халықаралық нарықтағы жергілікті компанияларды кеңейтуді және олардың жаһандық цифрлық саладағы орнын нығайтуды жоспарлап отыр.

GK Hyperscale Ltd — Африка, Азия, Таяу Шығыс және Океания аймақтарында заманауи деректер орталықтарын құруға маманданған компания. Ол Astana Hub мүшесі.

Айта кетейік, бұған дейін Сингапурлық компания Алматыда балаларға арналған ғылыми мұражай салатыны туралы жазған едік. 

Талқылау