“Сынған қолын одан сайын бұраған”: Ақтөбелік әйел 5-сыныпта оқитын ұлын жоғары сынып оқушысы соққыға жыққанын айтып көмек сұрады

Фото: Видео кадрларынан скрин
Ақтөбе қаласында 10-сынып оқушысы мектеп ауласында 5-сыныпта оқитын баланы теуіп, қолын сындырған. Оқиға сабақтан тыс уақытта №36 орта мектептің ауласында болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленуші баланың анасы Ақжан Кәрім әлеуметтік желі арқылы видео үндеу жасады. Айтуынша, оқиға 6 қазан күні кешкі сағат 19:00 шамасында болған. Келіншек әділдік талап етіп, ұлына зәбір көрсеткен кінәлі тарапты жауапқа тартуды сұрады.
“Айсұлтаным 6 қазан күні кешкі сағат 7:00 шамасында айнауға сұранып шықты. №36 мектептің футбол алаңына ойнауға барады. Сол мектепте оқитын 10 сынып оқушылары алаңға келеді. Бұларға “алаңды босатыңдар” деп айтады. Бұлар ойнап жүреді. Соның ішінде менің баламды итеріп құлатып, аяғынан, иығынан тебеді. Балам есінен танып, жерде 1 сағаттай жатып қалады. Жоғары сынып оқушылары сол жерде ойнап күліп отырады. Тепкен бала оны орнынан тұрғызып, сынған қолын одан сайын бұрап, көтерген. Балам үйге өзі келді. Жедел жәрдем шақырдым. Баламның қолы сынды. Көмектесулеріңізді сұраймын”, – деді оқушының анасы Ақжан Кәрім.
Үндеуде соққыға жыққан оқушы анасымен ауруханаға барып, емделіп жатқан жасөспіріммен кездескені айтылады. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарып, бөгде адамдардың ауруханаға кіруі мүмкін емес екенін мәлімдеді.
“10 жастағы бала травматология бөліміне жатзызылды. Оған операция жасалды, кейін үйіне шығарылды. Ауруханада күзет және өткізу жүйесі бар. Сырттан ешкім кірмейді”, – делінген басқарма хабарламасында.
Қалалық білім бөлімі 10-сынып оқушысының мектепішілік есепке алынғанын хабарлады.
“Мектеп тарапынан тиісті органдарға хабар уақытылы берілген. Келесі күні ата аналармен құқықтық кеңестің отырысы өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 10 сынып оқушысы мектепішілік есепке алынды. Оқиғаға қатысты құқыққорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Білім бөлімі мен құқыққорғау органдары бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қосымша профилактикалық жұмыстарды күшейтті”,- деді Ақтөбе қаласындағы №36 директоры Бауыржан Сарин.
Ақтөбе қалалық Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша іс тіркелгенін растады.
"Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартылады", – деп хабарлады полиция.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді