Бірінші маусымның жеңімпазы аралас жүйе бойынша анықталды: 50%-ы – қазылар шешімі, 50%-ы – онлайн дауыс беру нәтижесі.
Silk Way Star шоуының жеңімпазы анықталды

Фото: Іnstagram.com/michelle.jozef
Астанада Silk Way Star атты алғашқы азиялық музыкалық жобаның финалы өтті. Моңғолиядан келген Мишель Джозеф байқаудың жеңіспазы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өз көрерменін жинап үлгерген музыкалық байқаудың жеңімпазын әнші Димаш Құдайберген жариялады.
Мишель Джозеф – танымал моңғол әншісі әрі әндердің авторы. Ол шығармашылығында дәстүрлі созылмалы әндерді поп, R&B және фанк элементтерімен үйлестіріп, моңғол және ағылшын тілдерінде орындайды.
Silk Way Star жобасында Мишель түрлі бағытта өнер көрсетті:
- Uptown Funk сияқты энергиясы жоғары композицияларды орындады;
- Вокалды ұлттық әуезбен үйлестіре отырып, қытай тілінде ән айтты;
- Дәстүрлі моңғол киімінде Altan bogdiin shil әнін орындады;
- Қазақ мәдениетіне құрмет көрсетіп, қазақтың халық әні "Қараторғайды" шырқады.
Silk Way Star жобасының финалы Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен қатар шоу Әзірбайжандағы Space TV, Тәжікстандағы “Сафина”, Қырғызстандағы “Музыка” және “Маданият”, Моңғолиядағы UBS және “АИСТ Глобал”, Өзбекстандағы Zor TV, Грузиядағы Georgian Times телеарналарында да көрсетіліп жатыр.
Финалда жеті әнші өнер көрсетті. Олар: Язмин Азиз (Малайзия), Мадинабону Адылова (Өзбекстан), Мишель Джозеф (Моңғолия), Автандил Абесламидзе (Грузия), ALEM (Қазақстан), Саро Геворгян (Армения) және Чжан Хэ Сюань (Қытай).
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік