Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сицилияда толассыз жауған жаңбыр соңы су тасқынына айналып, үйлер мен көліктерді шайып әкетті (видео)

Италияның оңтүстігіндегі Сицилия аралдарына қарасты Катания қаласында су тасқыны болды. Толассыз жауған жаңбырдан жиналған тасқын қала көшелерін өзен арнасына айналдырып, көліктерді басып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Palermo.corriere басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Елдегі төтенше жағдайлар қызметкерлері көлігінде қысылып қалған жүргізушілерді сыртқа шығарды. Азаматтық қорғау қызметі көлік жүргізушілеріне қызыл кодпен белгіленген жолдармен жүруге тыйым салды. 



“Қоңыраулар саны минут сайын артып келеді. Өрт сөндірушілер 70 құтқару жұмысын жүргізді. Төтенше жағдайға байланысты көмек көрсету үшін өрт сөндіру бөлімінің қосымша қызметкерлері шақырылды. Ал Сиракузадағы басшылық жергілікті құтқарушыларға көмек көрсету үшін сүңгуірлер мен құтқарушылар жіберді”, – делінген хабарламада. 

Алтарелло-ди-Рипосто өңірінде адамдар үйінен шыға алмай қалған. 4 адам тұратын тұрғын үйдің бірінші қабатын жаңбыр суы басып қалған. Тұрғындардың екеуі мүгедек болған. Оларды құтқарушылар амфибиялық көліктің көмегімен аман алып шықты. 

Катания және басқа да қалаларда сақтық шарасы ретінде мектептер жабылды. Өткен түні Сиракуза қаласында да қатты жаңбыр жауып, тұрғындардың үйін, жертөлесін, бақшалары мен террассаларын су басты. Су тасқыны көшелерді өзенге айналдырып, құлаған жапырақтар арықтар мен дренаждық арналардың торларын бітеп тастады.

"Біздің үй апатты жағдайға тап болды. Тура фильмдегі көрініс сияқты. Шкафтар суда қалқып жүр, қабырғалар дымқыл, есігіміз қирап, жиһаздарды лақтыруға тура келдң", – деді тұрғындардың бірі.

Италиялық БАҚ мәліметінше, алты сағат ішінде 350 мм жауын-шашын жауды. Соңғы бес күнде 700 мм, он күнде 1000 мм жауын түскен екен. 

Айта кетейік, бұған дейін 30 қазанда Испанияның Валенсия аймағында қатты жаңбыр жауып, су тасқыны болған еді. Салдарынан 200-ден аса адамның мәйіті табылған.

Ал 9 қарашада Испанияның Мадрид пен Валенсия қалаларында 130 мыңға жуық тұрғын су тасқынына байланысты үкіметке қарсы митингке шыққан. Олар провинция президенті Карлос Мейсонға қарсы шығып, су тасқынының жойқын зардаптарына байланысты оның отставкаға кетуін талап еткен еді. 

Талқылау