"Шұңқырға төгіп, үстін жауып тастайды": Алматы облысында Lay’s зауытының құрылыс алаңына қоқыс көмгені түсірілген видео тарады
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысында салынып жатқан Lay’s зауытының құрылыс алаңында қалдықтар арнайы белгіленбеген орынға көмілген. Қоқысты көму процесін жұмысшы видеоға түсіріп, желіге таратқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды хабарлайды.
Бәрі неден басталды?
Әлеуметтік желіде тараған видеода жұмысшы қоқыстың арнайы шұңқырға төгіліп, кейін үсті жабылатынын айтқан. Оның сөзінше, бұл қалдықтар зауыт құрылысынан шыққан.
“Мұндағы қоқыс осы зауыттан шыққан. Құрылыс қалдықтарын мына шұңқырға төгеді де, кейін үстін жауып тастайды. Мұны видеоға түсіргенім үшін мені жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін. Бірақ айтпасқа болмайды. Ертең жұмыс біткен соң “неге сол кезде айтпадың?” деуі ықтимал. Ауылыңа жаның ашыса, мұны айтуың керек еді деп өзімді кінәлайды. Сондықтан осы заңсыздықты түсіріп тұрмын”, – дейді видеодағы ер адам.
Оның айтуынша, аталған әрекеттерге PepsiCo Central Asia жобасындағы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өкілдерінің қатысы бар.
“Мұны істетіп отырған PepsiCo-да “Нұр Астана құрылыс” компаниясындағы Ержігіт деген прораб. Жалпы осы трассаның бойын қазсаңыздар қоқыс көмілген 10 шақты жер табасыздар”, – дейді жұмысшы.
Экология департаменті не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облысы экология департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Алматы облысы Экология департаментінің мәліметінше, Алатау қаласының маңында, Алматы–Өскемен автожолы бойында қалдықтарды арнайы белгіленбеген жерге көму дерегі бойынша тексеріс жүргізілді.
Павлодарда қоқыс қалдығын шектен тыс көмген кәсіпорынға 28 миллиард теңге айыппұл салынды
“Ведомствоға 2025 жылы 30 желтоқсанда Алатау қаласы полиция басқармасында тіркелген материалдар түсті. Тексеру барысында құқық бұзушылыққа жобаның инвесторы ретінде PepsiCo Central Asia және бас мердігер “Нұр Астана Құрылыс” компаниясының қатысы бар екені анықталды. Алайда ұсынылған келісімшарттарға сәйкес, жауапкершілік толықтай бас мердігер “Нұр Астана Құрылыс” ЖШС-не жүктелді. Анықталған заңбұзушылық бойынша бас мердігерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодектің 344-бабының 2-бөлігімен ( Қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды”, – делінген жауапта.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылы 6 қаңтарда “Нұр Астана Құрылыс” компаниясына 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың орын алуына себеп болған жағдайларды жою туралы жеке ұйғарым шығарылды.
Сондай-ақ департамент құрылыс нысаны Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылдық округі, Ынтымақ ауылы маңында орналасқанын мәлімдеді. Олардың мәліметінше, мұнда PepsiCo Central Asia-ның тұзды тіскебасарлар өндіретін зауыты салынып жатыр.
“2024 жылы 25 қарашада жасалған құрылыс алаңын қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын сақтау жауапкершілігі бас мердігер мен ол тартқан қосалқы мердігерлерге жүктеледі. Атап айтқанда, “Нұр Астана Құрылыс” ЖШС қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығару әрі уақытша жинақтау үшін “АБК20” ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Бұл 2025 жылғы 22 қаңтардағы қызмет көрсету шартымен, 2025 жылғы 1 қазандағы Kaz West Conversion ЖШС-мен жасалған келісіммен расталды. Ққалдықтарды арнайы бөлінбеген орындарға жинақтау дерегі толықтай жойылды. Аумақ тазартылып, қалдықтар белгіленген орындарға шығарылды”, – делінген департамент жауабында.
Ведомство мәліметінше, барлық жұмыс қолданыстағы келісімшарттарға және орындалған жұмыс актілеріне сәйкес жүргізілген. Ал жобаның тапсырыс берушісі PepsiCo Central Asia ЖШС аталған құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылмайды.
Сонымен қатар департамент мердігер ұйымдар тарапынан қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бақылау жеткіліксіз болғанын айтты. Осыған байланысты экологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданған.
“Қалдықтарды тек арнайы бөлінген орындарға шығару қатаң бақылауға алынды. Мердігерлер мен қосалқы мердігерлерге қойылатын талаптар күшейтіліп, жұмысшыларға экологиялық заңнама талаптары бойынша нұсқама жүргізілді. Құрылыс алаңында ішкі бақылау және тұрақты мониторинг жүйесі енгізілді”, – делінген хабарламада.
“Экологияға зияны аз” делінген зауыт қашан іске қосылады?
Бұған дейін Бұқаралық ақпарат құралдары Алматы облысында Lay’s чипстерін шығаратын зауыт ашылатынын қуана хабарлаған еді. Мәліметтерле PepsiCo компаниясының Қазақстандағы алғашқы снек зауыты 2026 жылы іске қосылатыны айтылған. Кәсіпорын жылына 210 мың тоннаға дейін картоп өңдеп, 70 мың тонна дайын өнім шығармақ. Алғашқы чипстер 2026 жылдың көктемінде нарыққа шығады екен.
Мәліметке сәйкес, зауыт Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорын болады және шамамен 900 жұмыс орнын ашады. Компания 2035 жылға қарай өндірісте толықтай қазақстандық картопты пайдалануды жоспарлап отыр екен.
Жоба pep+ стратегиясы аясында жүзеге асырылып, экологияға зияны аз, энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталады делінген. Бұл жағдайда “экологияға зияны аз” деген сөзді ерекше атап өткеніміз жөн болар.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қоқыс контейнерлерін ауыстыру жобасы бюджетке 6 миллиард теңгеден астам шығын әкелгені туралы жазған едік.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді