Шымкенттік кәсіпкер мемлекеттен жер бөлінсе көпбалалы анаға үй салып беруге дайын
Шымкент қаласында баспанасыз қалып, БАҚ арқылы халықтан көмек сұраған анаға қайырымды жандар қол ұшын созып жатыр.
Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды.
Гүлжаһан есімді көп балалы ана бес баласымен далада қалған. Оны баласына аяғы ауыр кезде жолдасы тастап кетіпті. Пәтерақысын төлемегендіктен үй иесі де құжаттарын алып қойған. Осыдан соң амалы таусылған әйел мешіт имамына барып көмек сұраған. Барлық жайды білген соң имам әйелді ертіп телеарна кеңсесіне келіп, жағдайды баяндаған.
Қазіргі уақытта аймақтық «Отырар» телеарнасының тілшісі Гүлжан Байназарова жалдаған пәтерде тұрып жатыр. Гүлжаһан қайрымды жандардан жиналған қаражатқа қарыздарын қайтарып, үй иесінен құжаттарын да қайтып алған. Енді заң бойынша мемлекет есебінен бөлінетін жәрдемақылар рәсімделетін болды.
Ал, аудандық білім бөлімі бес баланың мектепке барар құрал-жабдықтары мен киімін алып берді.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкер мемлекет тарапынан жер берілсе, жалғызбасты анаға үй салып беруге дайын екенін айтқан.
Бүгінде көп балалы ана кенже қызын бала-бақшаға орналастырып, өзі де сонда жұмысқа орналаспақшы.
Жіберіп алмаңыз:
Павлодар облысында көпбалалы ананың үйі түгелдей өртеніп кетті
Атырауда кедейліктен зардап шеккен көпбалалы ана балаларын интернатқа тапсырды