Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқтар Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айырылды

Шымкенттегі сыра зауытының иесі, белгілі бизнесмен Тоқтар Төлешовке сот 21 жыл үкім кесті.

tokhtar_tuleshov

Бұл туралы Sputnik News хабарлайды.

Мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деп айыпталған Төлешов енді жазасын қатаң режимдегі колонияда өтемек. Істі Астана қалалық қылмыстық істерді қарайтын ауданаралық мамандандырылған әскери соты қарады. Мемлекеттік құпиялардың қатысы болуына байланысты сот процесі жабық режимде өткізілді.

“Заңсыз жолмен келген мүліктерін тәркілеп, Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Сондай-ақ, коммерциялық және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызмет жасау құқығынан өмір бойына айырылады”, – деді үкімді оқыған судья Ербол Ахметжанов.

Сот мұнымен шектеліп қалмай оны полковник шенінен айыруға қаулы шығарып, мемлекет тарапынан берілген “Құрмет” орденінен айыру туралы да ҚР президенті атына өтініш білдірмек. Айыпталушылар қатарында бизнесменнен бөлек 24 адам болды. Олардың арасында кәсіпкердің ұлы Төлеген Төлешов, Қазақстан бас прокурорының бұрынғы орынбасары, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев, ОҚО ІІД бұрынғы басшысы Хибратулла Досқалиев, полиция полковнигі Сәкен Айбеков пен полковник Бекзат Жумин бар.

Бұған дейін хабарланғандай, соттағы басты кейіпкер Тоқтар Төлешов бірнеше қылмыстар бойынша: адам ұрлау, адам өлімі, заңсыз бас бостандығынан айыру, билікті төңкеруге қоғамдық үндеу тастау, билікті басып алу, экстремистік топ құру, қылмыстық топ құрып түрлі жоспарларды жүзеге асыру. Ол сондай-ақ, заңсыз қару айналысы, жарылғыш заттар сақтау бойынша да айыпталды. Жалпы бизнесменге қылмыстық кодекстің 16 бабы бойынша кінә тағылған.

Бұған дейін Төлешовтың арнайы операция арқылы ұсталанын, оның зауытын күзеткен азаматтардың ереуілге шыққанын, оның әйгілі сыра зауыты сатуға қойылғанын хабарлаған едік. ҰҚК: Төлешовтың жер реформасына қарсы наразылық шарасын қаржыландырғанын да мәлімдеген.

Талқылау