Шымкенттегі балабақша тәрбиешілері бүлдіршіндердің көзінше әдепсіз қылықтар жасады (видео)
Шымкенттегі бала-бақша қызметкерлерінің бейәдеп қылықтары желіге кең тарап кетті.
Видеода ұлттық киім киген қызметкерлер бүлдіршіндердің көзінше әдепсіз би биледі. Видео жазбасында оқиғаның Шымкентте болғаны жазылған.
Видеоны желіге Нұрбол Орынбай есімді қолданушы жүктеді. Ол Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваға осы оқиғаны соңына дейін көруді ұсынады.
«Шымкентегі балабақша дейді. Наурызды тойлауда. Жанат апай, көріңізші соңына дейін. Тəрбиешілердің бүлдіршіндерге үйретері осындай болса, бақшадағы жағдай да мəз емес екен» деп жазады ол.
Қазақтың кимешегін киген әйелдің ер адамға аяғымен асылғаны да анық байқалады. Оқиға Наурыз мерекесіне орай өткізілген ертеңгіліктен соң болғанға ұқсайды. Мұнда балалардың емес, үлкендердің заманауи түрде асыр сала билегені түсірілген. Олардың қылығы желі қолданушыларының шамына тиді. Көпшілік сын пікірлер жазып жатыр. Шымкент қалалық білім бөлімі бұған қатысты пікір білдірген жоқ.