Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте бойжеткенді ішінен ұрып құлатқан полицейге қатысты қызметтік тексеріс басталды

Күні кеше Шымкентте қызды ұрып құлатқан полицияға қатысты қызметтік тексеріс басталды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Қалалық жергілікті патрульдік полиция бастығы Данияр Мейірханның айтуынша, дәмханада төбелес болған. Артынша екі бойжеткен “102” нөміріне хабарласып, өздерін белгісіз азаматтың ұрғанын айтқан.

“Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары бойжеткендерге қол көтерген 26 жастағы азамат пен оның жанындағы азаматшаларды көлікке мінгізіп, полиция бөлімшесіне жеткізбек болады. Алайда ұсталған азамат  ішкі істер қызметкерлерінің айтқанына бағынбай, қарсылық көрсетеді. Тіпті оларға қол көтерген. Кейіннен жас жігітке оның жанындағы қыз жақтаспақ болады. Куәгерлер түсірген бейнетүсірілімде полиция қызметкерінің қызға қол көтергені түсіп қалған. Қазіргі таңда қақтығысқа қатысқандардың барлығының жеке тұлғалары анықталып, куәгерлерден бейнетүсірілімдер алынып жатыр. Жетондардағы, дәмханада орналасқан бақылау камерасындағы бейнетүсірілімдер анықталып, зерттеледі. Шымкенттік Жергілікті полиция қызметі өз қызметкерінің әрекетін ақтамайды. Қызметкерлерге қатысты әрекеттерінің заңдылығын анықтау үшін қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесін хабарлаймыз”, – дейді Данияр Мейірхан.

Полиция қызметкерлері 26 жастағы күдіктінің бір қызды бетінен ұрып, екіншісінен шашынан жұлғанын айтып жатыр. Күдіктіні ұстау кезінде оның жанындағы қыздар полиция қызметкеріне былапыт сөздер айтып, қол жұмсауға дейін барған.

“Екінші куәгерлердің бейнетүсірілімінде қыздың тәртіп сақшыларына жаман сөздер айтқаны көрініп тұр. Бойжеткен тіпті ішкі істер қызметкерлеріне қарсы шығып, олардың погондарын жұлып алған. Погондарын көшеге лақтырған. Десе де бойжеткеннің бұл әрекетіне қатысты енді тиісті шаралар көрілетін болады. Сондай-ақ осы оқиға бойынша қазір Қылмыстық Кодекстің 293- “Бұзақылық” және 380-“Билік өкіліне қатысты күш қолдану” баптарымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды”,- дейді Шымкент қалалық ЖПП бастығы.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қыркүйек күні Шымкенттегі дәмханалардың бірінің алдында полицейлер мен жастардың арасында төбелес болған еді. Сол жерде полицейлердің бойжеткенді ішінен ұрғаны видеоға түсіп қалған болатын. Осы көріністі видеоға түсіріп алған куәгер оны желіде бөліскен.


Жіберіп алмаңыз:

Павлодарда жағдайы жоқ студенттер бюджет есебінен оқытылмақ

Алматыда Қытай консулдығынан виза ала алмаған жұрт шу шығарды

Ақтөбелік турфирма мүгедек екенін білген соң, оқушыны ЭКСПО-ға апармай қойған

Тағы бір ірі әуе компаниясы керосиннің тапшылығын тартып отыр

Талқылау