Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте ашық қалған құдыққа құлаған бала өлім аузында жатыр

Шымкентте екіге де толмаған бөбек жылу құбырлары жүргізілген құдыққа құлап, қазір ес-түссіз жатыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Бексұлтан Сейіт ағасымен бірге ойнап жүріп, ауладағы құдықтың тесігіне түсіп кеткен. Жалпы, бұл соңғы 3 жылда бір ғана аулада болып жатқан төртінші оқиға екен. Қақпақтары алқам-салқам, шетіндегі бетондары шұрқ-тесікке айналған нысандар туралы жұрт тиісті орындарға сан мәрте айтса да, бір ақжағалы пысқырып та қарамапты. Енді ашуға булыққан жұрт түгел шымкенттік шенеуніктерге қарсы арызданып Астанаға хат жазбақшы.

Шымкенттіктерге жылу құбыры жүргізілген құдықтар құдық емес, сұмдық болып тұр. Қайсысына жақындасаң да алқам-салқамы шыққан қақпақ, іші толған су. Сондықтан, жұрт аулаға баласын жібергенде жанын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр.

Құбыр жүргізгелі төртінші жыл болғанымен құрылыстан кейін жұмыс жүргізгендер соңын бітірмей кетіп қалған. Көп құдықтың беті тіпті жабылмай қалып, жұрт шулаған соң ғана бітелген екен. Оның өзінде қақпақтары тесігіне сәйкес емес. Құдықтың жандары шіріп, апандай үңгірлерге айналған. Шұрқ-тесіктің бәрін тұрғындар қанша жамаса да, дұрысталмай, ақыры 1 жас 8 айлық Бексұлтан есімді сәби құлаған.

“Шымкент зың-зың деп жатқан әкімдер, міне, жым болып жатыр. Олардың ауыздары құм болып жатыр. Жоғарыдағының бәрі алаяқтар”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ержан Бураев.

Күйініп тұрған бұл азамат – құдыққа құлаған Бексұлтанның әкесі. Ауруханада жатқан бүлдіршіннің жағдайы тым нашар. Құдықтағы тола суға тұншығып, өкпесі істемей жатқан оның басынан да ауыр жарақат алып, ес-түссіз жатыр. Ал, бала құлаған соң жеткен полицейлердің бұл іспен айналысқысы жоқ.

Тұрғындар жергілікті полицейлерден бастап, әкімдікке дейін сенуден қалған. Себебі, құдықтардың жайын айтып жазбаған жері қалмапты. Бірақ, құлақ асқан бір шенеунікті көрмедік дейді. “Бұл тесік 3-4 жыл болды пайда болғалы. Жылына бір бала құлайды. Бала-шаға көп бұл жерде”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Дәулетов.

Жұрт шулаған соң әкімдіктегілер келген. Ел айтқандай жауапкершіліктен тайқып шыға келді. Біресе бұл мәселені білеміз десе, біресе ешкім шағымданған жоқ деп шатасты. Ақыры жылу орталығындағыларға сілтеді. Ал, жылу орталығының маманы тіпті құдықтардың бетін ашып, жанына шұңқыр қазған халықтың өзі деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

“Беті жабық тұр. Күніге айналып  тексереміз. Бұрын болмаған. Біреу қазған ғой”, – дейді “Қуат жылу орталық – 3” мекемесінің бас маманы Бақыт Романқұл. 

Жиналған басшылар мен қосшылар жылдар бойы жабылмай жатқан құдықтарды бүгіннен қалдырмай жауып тастамақшы енді. Дегенмен, түгел шымкенттік шенеуніктерге өкпеліміз деген тұрғындар жаппай бас прокуратураға хат жазып, әкімдік пен коммуналдық қызметтерді тексертеміз деп бекініп отыр.


Талқылау