Шымкентте алаяқ тұрғындардың банк карточкасынан ірі көлемдегі ақшаны ұрлап кеткен
Шымкентте банк карточкасымен ұрлық жасаған күдіктіні полиция іздестіріп жатыр. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
ОҚО ІІД
Шымкентте ер адам тұрғындардың сеніміне кіріп өз көмегін ұсынып, олардың банктегі есепшоттарынан ірі көлемдегі ақша сыпырып кетіп отырған.
“2016 жылы 17 маусымда әл-Фараби полиция бөлімшесіне Төле би ауданының 37 жастағы тұрғыны арыз түсірді. Онда ол қаладағы банктің жанында қасына белгісіз ер адамның келіп, банкоматтан қолма-қол ақша алу туралы көмек ұсынғанын айтады. Бұдан соң әйелдің банкомат карточкасын ауыстырып, алдап оның есепшотынан 160 мың теңгеге жуық қаражатты ұрлап кеткен”, – делінген хабарламада.
Бұл фактіге байланысты ҚР ҚК 190 бабы “Алаяқтық” негізінде іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шараларының арқасында тәртіп сақшылары банкомат қасындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктінің кім болуы екенін анықтады. Полицейлер күдіктінің 30-дан астам алаяқтық ісіне қатысы бар болуы мүмкін деп отыр. Бұл ретте тәртіпті қадағалаушылар күдіктіні көрген жандардың “102” шұғыл нөміріне қоңырау шалуларына кеңес береді.