Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримоваға тиесілі 182 миллион доллар қаржыны қайтарады

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримованың (Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы) тәркіленген активтерінен шамамен 182 миллион доллар қайтарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: bbc.com

Өзбекстанның әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл туралы келісімге Өзбекстанның әділет министрі Акбар Ташқұлов пен Ташкенттегі Швейцария елшісі Константин Оболенский арасында қол қойылған.

"Келісім аясында Өзбекстанға шамамен 182 миллион доллар қайтарылатын болады. Аталған қаражат Өзбекстан Республикасының кейбір азаматтары тарапынан заңсыз жолмен алынған және 2012 жылы Каримоваға қатысты Швейцарияның бас прокуратурасы қозғаған қылмыстық іс аясында толық тәркіленген", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, елдің экс-президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова 2015 жылдың тамызында бопсалау және салық төлеуден жалтару деректері бойынша сотталды. 2017 жылдың желтоқсанында оған басқа қылмыстық іс бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2020 жылдың наурызында Ташкент қалалық соты оған қылмыстық топ құру, бопсалау және ұрлық жасау ісі бойынша жазасын 13 жыл 4 айға ұлғайтты.

Талқылау