Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шухрат Ибрагимов "Тобыл" футбол клубының құрылтайшысы болды

Шухрат Ибрагимов «Тобыл» футбол клубының құрылтайшысы болдыФото: “Еуразиялық банк” АҚ баспасөз қызметі

ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов Қостанайдың “Тобыл” футбол клубының жаңа бас құрылтайшысы болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұндай мазмұндағы бірлескен жазбаны Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен ФК “Тобыл” әлеуметтік желіде жариялады.

“Мұндай ірі әрі сенімді серіктестің қолдауы “Тобыл” клубының жетістіктерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Алайда тараптар бұл туралы қосымша мәліметтерді жариялаған жоқ. Жазбада Ибрагимов пен Ақсақаловтың фотосы жүктелген. Сондай-ақ жаңа бас құрылтайшының келуі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасымен байланысты екені атап өтілген.

2026 жылғы 6 наурыздағы eGov деректеріне сәйкес, клубтың иесі – 2020 жылдың қараша айында құрылған “Футбол клубы “Тобыл”" қоғамдық қоры. Қордың төрт құрылтайшысы бар:

  • Қостанай облыстық футбол одағының вице-президенті Болат Искаков, “Тобылдың” бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев, Рома Шамилов, Ғабит Лесбеков.

Айта кетейік, “Даму” қоры басқармасының бұрынғы мүшесі Ғабит Лесбеков құрылтайшылар қатарына жуырда, 2025 жылғы шілдеде Әлімжан Қалдияровтың орнына қосылған. “Тобыл” футбол клубы 1967 жылы құрылған. Команданың үй стадионы – Қостанайдағы “Орталық” стадион. Клуб Қазақстан чемпионы атағын екі рет – 2010 және 2021 жылдары жеңіп алған. 2007 жылы Интертото кубогының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ Қазақстан Кубогын (2007, 2023, 2025) және Қазақстан Суперкубогын (2021, 2022, 2024, 2026) иеленген.

Шухрат Ибрагимов – Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің бірі. Ибрагимовтар әулетінің мүшесі ретінде елдегі ең бай 75 адамның тізіміне енеді.

2025 жылғы мамырдағы дерек бойынша, отбасының байлығы 2,06 миллиард доллар деп бағаланып, рейтингте 7-орында тұр. Отбасына ERG компаниясының 20,7% үлесі тиесілі.

Шухрат Ибрагимов жеке өзі “Еуразиялық қаржы компаниясының” (ЕФК) 30% ие. Бұл холдинг құрамына Еуразиялық банк, “Евразия” сақтандыру компаниясы және “Евразийский Капитал” брокерлік компаниясы кіреді. Холдингтің тағы 3% оның анасы Мукадасхан Ибрагимоваға тиесілі. Ол 2026 жылғы ақпанға дейін ЕФК-ның 33% иелік еткен.

Ибрагимовтың активтерінің қатарында көмір өндіретін “Шұбаркөл Премиум” компаниясы да бар. Ол бұл компанияға 2024 жылғы қыркүйекте кәсіпкер Кеңес Рақышевпен бірге кірген. Ал 2025 жылғы қарашада оның жалғыз жанама акционері болып қалған.

Кейінгі уақытта қазақстандық футболға бірқатар ірі кәсіпкерлер инвестор ретінде келіп жатыр. Олардың қатарында:

  • “Қайсар” (Қызылорда) – TAU Group Ltd иесі Исламғали Қозбақов клубқа 12 миллиард теңге инвестиция салды;
  • “Қызыл-Жар” (Петропавл) – ЦАТЭК компаниясының тең иесі Сергей Кан жыл сайын кемінде 1 миллиард теңге құюға міндеттенді;
  • “Жеңіс” (Астана) – Kaspi компаниясының тең иесі Михаил Ломтадзе клуб академиясына 16 миллиард теңге жұмсамақ;
  • “Ақтөбе” – Qazaq Stroy иесі және “Қазақмыс” компаниясының жаңа қожайыны Нұрлан Артықбаев инвестиция салады;
  • “Шахтер” (Қарағанды) – Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов клубқа 18,5 миллиард теңге инвестиция құяды;
  • “Ордабасы” (Шымкент) – кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің “Integra Construction KZ” компаниясына беріледі;
  • “Оқжетпес” (Көкшетау) – жергілікті агробизнес қолдау көрсетіп, клубқа қоғамдық қор құрылады. Оның құрылтайшысы “Агрофирма Родина” директоры Иван Сауэр болады;
  • “Елімай” (Семей) – KAZ Minerals компаниясы, яғни Владимир Ким мен Олег Новачук клуб басқаруына қосылды.

Осылайша Қазақстан футболына ірі бизнес өкілдерінің келуі клубтарды коммерцияландыру және дамыту бағытын күшейте түспек.

Еске салайық, бұған дейін Шухрат Ибрагимовқа “Евразия” сақтандыру компаниясы мен “Еуразиялық банк” акционерлік қоғамының ірі жанама қатысушысы болуға рұқсат берілгені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 10:35