Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шопандар отбасында туған жігіт 26 жыл бойы құжатсыз жүрген: Ол өзінің дүниеге келгенін куәгерлер арқылы дәлелдеді

Жамбыл облысы, Сарысу ауданының 26 жастағы тұрғыны сотқа өзінің туу фактісін заң жүзінде ресми растау туралы өтінішпен жүгінген. Ол талабында 1998 жылдың 6 ақпанында шопандар отбасында дүниеге келгенін көрсеткен. Анасы оны үйде босанғандықтан дәрігерге жүгінбей, Туу туралы куәлік алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жоғарғы соттың дерегіне сенсек, анасы медицина мекемесінде босанбағандықтан баланы АХАЖ органдары тіркемеген және құжаты мүлдем толтырылмаған.

"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-ы медициналық ұйымнан туу туралы құжаты болмауына байланысты тіркеуден бас тартылған. Өтініш иесі туу туралы фактіні тек сот шешімімен ғана анықтай алатыны атап көрсетілген. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 187-бабының 1-бөлігіне сәйкес, баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болады. Ауылдық округ әкімі өтініш берушінің жеке басын анықтау жөнінде комиссия құрып, оның жасын білу үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Қорытындыға сәйкес, арыз берушінің физикалық дамуы 24-25 жасқа сәйкес келеді", – делінген хабарламада. 

"Сотта арыз берушінің туу фактісін растайтын дәлелдемелер, оның ішінде профилактикалық екпелердің медициналық картасы, мектептен анықтама, ауылдық округ әкімі аппаратының үй шаруашылық есепке алу дәптерінің мәліметтері көрсетілген хаты қаралды. Сонымен қатар сотта арыз иесінің туу фактісін растаған куәлерден, сондай-ақ босану кезінде қатысқан адамдардан жауап алынды", – деді Жоғарғы сот.



Сот сенімді дәлелдер негізінде арыз берушінің туу фактісін растады. Бұл оған қоғамдық және құқықтық өмірге толық қатысуға мүмкіндік береді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық тұрғын Мзиа Цхададзе Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүргенін жаздық. 24 жастағы ару 20 жылдан бері жеке куәлігінен бастап барлық құжатты қолына алған. Алайда қызына төлқұжат алар кезде барып өзінде азаматтық болмағаны белгілі болған.

Талқылау