Шопандар 55 жастан бастап әлеуметтік төлемдер ала алады – Үкімет жобаны мақұлдады
Фото: farmhealthonline.com
Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады. Құжатта 5–6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беру, мал басын көбейту және ет экспортын арттыру көзделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құжатта жеңілдетілген несиелеу, мал басын көбейту, ет өндірісін арттыру және экспортты ұлғайту көзделген.
Кешенді жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай:
- ірі қара мал саны 7,9 миллионнан 12 миллион басқа дейін өседі;
- ұсақ мал саны 20,2 миллионнан 28 миллион басқа дейін ұлғаяды;
- ет өндірісі 1,2 миллионнан тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін артады;
- ет экспорты шамамен екі есеге өсіп, 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға жетеді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қаржылай қолдаудың кешенді шаралары қарастырылғанын айтты. Атап айтқанда:
- барлық ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды малын сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады (жылдық қажеттілік – 300 миллиард теңге);
- шалғай жайылымдық мал шаруашылығы мен жайылым инфрақұрылымын дамытуға 6% мөлшерлемемен бірыңғай жеңілдетілген несие – 50 миллиард теңге;
- жем-шөп дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру – 50 миллиард теңге;
- мал шаруашылығында айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен несие – 225 миллиард теңге.
Қаржыға қолжетімділікті кеңейту үшін "Даму" қоры арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі қарастырылған.
Сондай-ақ құжатта салаға кадр тарту және еңбек жағдайларын жақсарту шаралары қамтылған. Олардың қатарында бақташылар мен шопандарға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдер беру құқығы бар. Ұқсас қолдау шарасы 2023 жылы шахтёрлерге қатысты қабылданған еді. Алайда бақташылар мен шопандарға арналған әлеуметтік қолдаудың нақты тетігі әзірге жарияланған жоқ.
-
Қазақстанда желтоқсанда қай мамандық иелеріне жоғары жалақы ұсынылғаны белгілі болды
-
Қазақстанда әлеуметтік көмек алатындарға азық-түлік сатып алу үшін ваучерлер беріледі
Бұдан бөлек экспорттық нарықтарға шығудың міндетті шарты ретінде ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту жоспарланып отыр. Бұл ветеринариялық нысандарды жаңғырту мен сауда алаңдарында күнделікті бақылау енгізуді қамтиды. Сонымен қатар мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі қарастырылуда.
Премьер-министр Олжас Бектенов аталған жоспарды іске асыру ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беруге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өңдеуді дамыту мен қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыруды тапсырды.
Сонымен бірге премьер пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесіне де тоқталды. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, астық егілетін үш өңірде 330 шаруашылық қатаң бақылауда. Заңбұзушылық анықталған жағдайда жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта бөлінеді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты