Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО тұрғындары 60 жыл бұрын салынған аурухана жағдайына алаңдаулы

Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданында қабырғасы қирап, әбден ескірген аурухана көпшілікті алаңдатып отыр. Тұрғындар саны сирей қоймаған Айыртау ауылында кіреберістегі көпірдің кетеуі кетіп, кей тұрғындар ауыз суды елдімекен шетіндегі құдықтан тасып ішеді. Денсаулығы сыр берген тұрғындар баратын ғимаратта округ әкімдігі де жұмысын жалғастырып отыр. Көпшілік аурухана мен әкімдікті жеке-жеке орналасса дейді. Тұрғындар мәселесін Stan.kz тілшісі тыңдады. 

Күндізгі стационар қашан ашылады?

Жұртшылық ескірген екі қабатты ғимараттың бір бұрышынан дәріхана ашуға болатынын айтты. Күтіп ұстаумен қалпын сақтаған нысан қазір жамап-жасқаумен тұрса да, уақыт өте келе күрделі жөндеуді қажет етеді дескен. Халықтың басты тілегі мынау: әкімдік жеке шығып, қазіргі аурухана ғимаратының бірінші қабатында күндізгі стационар ашылсын. Екпе салып, ем алуға да лайықты орын керек. Қазіргі аурухананың сыртқы қабырғалары үгіліп, кей тұсы қопсып тұр.

“Әкімдік пен аурухана бір ғимаратта болмауы керек қой. Бір нысанды бөлісіп отырғандарына 20 жылдан асқан шығар. Құлағалы тұрмаса да, қауіп бар. Күндізгі стационардың жоқтығынан көп адам қажет емін ала алмай отыр. Айталық, жұқпалы ауруы бар науқас жеткізілсе, жеке қаралуы керек деп санаймын. Тіс дәрігерінің болмауы да ауруханамыздағы кемшін тұстардың бірі. Дәріхана жоқ, ал осы үшін жасы келген адамдарға аудан орталығы мен Өскеменге бару алыс”, – деді ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлшат Смағұлова.

Әкімдікті көшіре салуға лайықты ғимарат жоқ көрінеді. Барлығы қираған. Осыған дейін тұрғыны шулап, тіршілігі қайнаған үйлер бірер жылдарда толықтай бұзылып, жермен жексен етілмек. Ата-аналар осыны тезірек біржақты етпесе, ойын қуған бүлдіршіндері жарақаттана ма деп алаңдайды.

Аурухана сырты сегіз жылдан бері жөнделмеген

Ал аурухана жағдайын көпшілік қаржы бөлінбеуімен байланыстырды. Аудандық аурухана бас дәрігерінің айтуынша, өз қаражаттары есебінен екі амбулаторияда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек. Осы Айыртау мен Герасимовка елдімекендеріне қатысты дейді. Бұған шамамен бір миллион теңгеден астам ақша бөлінбек, ал қалыпқа келтіру жұмысына әр ауруханаға 70-80 миллион теңгедей қаржы қажет. Бұл алдын ала есептеуден соң белгілі болды.

“Екі жыл көлемінде өтінім бергенде қаражат бөлінбеді. Ал биыл өз бюджетімізден қаржы бөлуге рұқсат беріліп, мердігерлер толықтай жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде”, – деген болатын бас дәрігер Қайрат Өскенбаев.

Айыртау ауылындағы амбулаторияның меңгеруші дәрігері Бұлбұл Ақсембіқызының сөзінше, жөндеу жұмысы келер жылы қолға алынады. Жоспары құрылып қойған. Екі мекеменің бөлінуі жөнінде бейхабар. Ал дәріханаға деген қажеттілік әлі сақталатын сияқты.

“Келіп-кетіп істеген дәріханашылар болды. Бірақ қазіргі уақытта тұрақты жұмыс істеп жатқан мамандар жоқ. Тіс дәрігері тапшылығына келсек, оларға жеке ғимарат, орталықтандырылған су қажет. Әзірге ондай мүмкіндік болмай тұр”, – деді терапевт міндетін де атқаратын ақ халатты.

Жалпы, мұндағы бес адам орта буын маман. Соңғы жылдарды алсақ, қандай да бір заманауи жабдықтар сатып алынбапты. Әр жылы аурухана ішін күтіп ұстауға көңіл бөлінгенімен, сегіз жылдан бері ғимарат сырты жөнделмеген.

17 шақырым жолды жөндеуге жарты миллиард теңге қажет

Аздан соң округ басшысы да келді. Айтуынша, жобалық-сметалық құжаттамасы әзір, қаржы бөлінсе, келесі жылы аурухана ғимараты толық жөндеуден өтеді.

“Бұдан бөлек, тұрғындар ауыз су мәселесін де көтерген. Бірақ бұл жағы бақылауда тұр. Іргеміздегі су мұнарасы 30 миллион теңгеге жөндеуден өтіп, қалыпқа келтірілді. Қазір 3-4 көшенің тұрғындары ауызсудан қиындық көріп отыр. 2023 жылға қайта жаңғырту жоспарына енгізілген, сәтін салса келер жылы жүзеге аспақ. Бұл жоспарға тұтас Айыртау ауылы енгізілді”, – деді ауылдық округ әкімі Дархан Төлеуханов.

Ауылға кіреберіс үш шақырымға да тоқталды. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын екен, тек қаржыға келгенде ірі сомма шыққан. Неге десеңіздер, осы округке қарасты Жаңа Қанай ауылының 15 шақырым жолы тозған, ол да енгізілді. Биылға қойылған меже –  шұңқырларды тегістеу. Жалпы дейді, құжат жүзінде 17-18 шақырымға 500 миллион теңгеден астам қаржы қажет.

“Көпір апатты жағдайда деп танылмады. Негізі, осыған дейін әкімшіліктің де, аудандық тұрғын-үй құрылыс шаруашылығы бөлімінің теңгерімінде де болмады. Не дегенмен ескі көпір, шамамен 1950-60 жылдары салынған. Десе де бұған қатысты тиісті сараптама жасалды. Әкім болып тағайындалғалы көпір, жол, су және амбулатория мәселесін күн тәртібіне қойдық. Ауыр жүк көліктерінің өтуіне байланысы сегіз тонна деп бекітіп, белгі қойдық”, – деді Дархан Төлеуханов. 

Жауапты тұлғаның сөзінен 1700-ден астам тұрғыны бар Айыртауда көп мәселе келер жылы шешілетіні белгілі болды. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс деп бөлінген қаражатқа төрт көшеге асфальт төселгенін айтты. Ал аудан әкімдігі қос мекеме алаңсыз жұмыс істеулері үшін лайықты ғимарат іздеп жатқан көрінеді.

 

Дайындаған: Әділхан Есімханов

Талқылау