ШҚО-да 82 оқушы астан уланды: Қылмыстық іс қозғалды
ШҚО-ның Ұлан ауданы Бозанбай орта мектебінде 82 оқушы астан уланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің жазуынша, кешеден бері ол жақта арнайы комиссия жұмыс істеуде.
"Мектеп асханасында тамақтандыру ісі жалға алушы жеке кәсіпкермен ұйымдастырылған. ҚР ҚК 304-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әрине, бұл уәкілетті органдар тарапынан тамақтандыруды ұйымдастыру жұмысын жүйелі бақылауға алмауларының салдары. Сондықтан, бүгін тиісті тұлғалар жауапкершілікке тартылады", - дейді ол.
Сондай-ақ, Ахметов барлық мектеп, мектепке дейінгі, сондай-ақ облыстың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекеме қызметіне тексеру ұйымдастырылатынын айтты.
"Ата-аналарға тұрақты түрде жедел және нақты ақпарат беру туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар, Ана мен бала орталығында емделіп жатқан балалар да ата-аналарымен телефон арқылы байланысқа шығып отырулары қажет. Кешеден бері мектеп карантинге жабылды. Оқушылар қашықтықтан оқытуға көшірілді", - дейді өңір басшысы.
Жазба соңында ШҚО әкімі ата-аналардан балалардың денсаулығына қатысты мәселе туындаған жағдайда дереу тиісті орындарға хабарлау керектігін ескертті.