ШҚО-да 370 адам 200 млн теңгеге алданған
ШҚО-да "Денежный поток" атты қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті айналымы 200 млн теңгеден асатын "Денежный поток" қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Тергеу барысында 2019-2020 жылдары ШҚО-ның екі тұрғыны мессенджер арқылы Ресейдің ірі құрылыс компаниясының қызметі түрінде алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны анықталды. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар екі ай ішінде жарна сомасының 25%-ы мөлшерінде апта сайын мол пайда табуға уәде берген.
Уәдеге сенген салымшылар ресми шарт жасаспай, ақша аударымын ұйымдастырушылардың картасына жіберген. Қаржы пирамидасына 370-тен астам адам алданып, оның тек 43-і органдарға жүгінді. Кінәлі тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, қаржы пирамидасы – салымшылар кірістерді жаңа қатысушылардың жарнасы есебінен ғана алатын, қылмыстық жаза көзделген (ҚР ҚК 217-бабы) инвестициялық схема.
Қаражатты алу тоқтағаннан кейін, төлем тоқтап, жүйеге қатысқандардың көбі қаражатсыз қалады.Табыс алуға кепілдік берілген жалғыз адам – қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы.