Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да әділет департаментінің бөлім басшысы инспекторды соққыға жықты

Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Мирас Жұмағұлов осыдан бірер апта бұрын қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Шенеунік бүгін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дәл осы шығыстағы шенеуніктер арасында тәртіп бұзу әрекеті тиылмай тұр. Басшылар тарапынан қызмет барысында дауыс көтеру былай тұрсын, тіпті жұдырық ала жүгіретіндері бар.

Мәселен, әділет департаментінің бөлім басшысы Сержан Мұхамеджанов қарамағындағы инспекторды кабинетінде соққыға жыққан да, дереу декреттік демалысқа шығып кеткен. 

"Ол кісі әділет департаменті тәртіптік кеңесінің төрағасы. Төрағасы бола тұра осындай жасады. Дауысын қатты көтеріп, менің беделімді түсіріп, Сіз осылай істедіңіз деп маған, мен бәрін дәлелдеп айтайын деп едім, бұл кісі тыңдамай, жұмыс үстелді айналып, мұрнымнан соқты. Қатты соқты, қан аққан жоқ, бірақ танауым ісіп кетті", - дейді ШҚО әділет департаментінің инспекторы Жанат Қадырбеков. 

Ал бөлім басшысы Сержан Мұхамеджанов осы оқиғадан кейін дереу бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығып кеткен екен. Қазір мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы департаменті тексеріс жүргізіп жатыр.

"Дөрекілік таныту іс-әрекеті анықталған. Бұл бойынша қазір тәртіптік іс қозғалып, тексеру амалдары жүргізілуде", - дейді мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев. 

Талқылау