ШҚО-да 13 жасар зағип бала анасының жүзін көруді армандап жүр
Жұлдыз көмген түнгі аспан, жарқыраған шуақты күн. Көктем мен күз. Көп күттіріп жеткен жаз. Жалт-жұлт еткен бұл дүниені көз жанары суқараңғы ұл бір рет те көрген жоқ.
Зайсан қаласындағы 13 жасар Сердар бәрінен бұрын анамның, бауырымның, әкемнің жүзін бір көрсем деп армандайды, деп жазады Дидар газеті.
Зайсандық Сердар Омаров бұл күндері Алматыда өтіп жатқан «Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалардың республикалық өнер фестиваліне қатысып жатыр. Фестивальдің облыстық кезеңінде вокал бойынша бірінші орын алған ол республикалық конкурста облыс намысын қорғауда.
Алматыға анасы Айжанмен бірге алғаш рет барған Сердар өздері орналасқан 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйін, ару қаланың әсем көшелерін көріп, манаураған Алатауға көз сала алмаса да, айналасындағы ғажайыптардың таусылмас тамашасын, жан-жақтан асыға жеткен ұл-қыздардың шат күлкісін, шексіз көңілімен сезіп, байқап, мәз болып жүрген көрінеді.
– Сердар: «Мама, мен білемін, сіз сондай әдемісіз ғой, иә? Бауырым кімге тартқан, маған ба, әкеме ме?» деген сияқты сауалдарды қойғанда, шіркін-ай, тым болмаса дәрігерлер ұлымның бір көзінен әке-шеше, бауырын, өмірді көретіндей бір саңылау ашып берсе ғой деп өзім де армандаймын. Алматыға Коновалов деген дәрігерге апардық, «көзін көрдіруге болады, бірақ бізде ондай құрал-жабдық жоқ» деді. «Үрімжіге барғанымызда, екі-үш ота жасау керек, біржолғысы 5 млн. теңге тұрады» деді, – дейді анасы Айжан Омарова.
Жақсылықтың сыйы – тек жақсылық қана! Өңірімізде Сердарға көмектесе алатын қайырымды жандар табылып жатса, редакцияға хабарласуларына болады.
Тағы да оқыңыз:
Маңғыстауда түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартып, науқас қызға көмектесті
Ауызашар берудің пайдалары мен сауабы қандай?
Мақсат Үсенов “Эйр Астана” әуе компаниясының “сұр тізіміне” енді