"Шіріп жатыр": Жамбылдық фермерлер жиналған қызылшаны өңірлерге тарата алмай әлек
Жамбыл облысында биыл қант қызылшасы шамадан тыс көп өнім берді. Жиналған егін қазір жол бойында жатыр. Шаруалар қызылшаны жақын арада алып кетпесе шіріп, иістеніп кететінін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Шаруалар жиналған қызылшаны он күнде жинап алмаса, егін босқа құрып кетеді деп отыр.
“Қызылшалардың осылай жатқанына біраз болды. Ешкім алып кеткісі келмейді. Бізде осындай шаруашылықтың тағы төртеуі бар. Көрші ауылда да шаруашылықтар бар. Түнде үсік жүреді, күндіз күннің астында жатады. Енді біраз жатса, жарамсыз болып қалады. Бұл – біздің еңбегіміз, ақша”, – дейді кәсіпкер Қамбар Қатаев.
Шаруалар болған жағдайға шенеуніктерді кінәлап отыр. Айтуларынша, шенеуніктер қызылшаны зауыттарға тасымалдауға немесе көрші елге сатуға көмектесеміз деп уәде берген. Бірақ егіннің 100 тоннаға жуығы далада, жолдың бойында жатыр.
Ауа райының өзгеруі де егіннің бұзылуына әкеледі. Облыста түнде ауа температурасы минус 7-ге дейін төмендеп, күндіз нөлден жоғары көтеріледі. Десе де ауыл шаруашылығы басқармасы мәселені бір айда толық шешеміз деп уәде берді.
“Өткен жылы Меркен қант зауытына 193 мың тонна тасымалдадық. Биыл – 600 мың тонна. Сондай-ақ қызылшаны темір жол және жүк көлігімен Қырғызстанға жөнелту жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әдбірәсіл Желеубаев.
Оның айтуынша, енді тек 10-15%-ы қалған.
Бұған дейін рекордтық өнім жинаған қазақстандық диқандар астықтарын сата алмай отырғаны туралы жазған едік.