“Шыны бөтелкемен ұрып, балконнан секіруге итермелеген”: Қызылордада азаматтық некедегі әйелін мүгедек қылған азаматқа үкім шықты
Қызылорда қаласында азаматтық некедегі әйелін ұрып-соғып, балконнан секіруге итермелеген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Жәбірленуші А азаматтық некедегі күйеуі сотталушы Ж-ның ұялы телефонына тіркелген абоненттік нөмірін алып, өзінің телефонына салып, белгісіз әйелмен хабарламаларын оқыған. Күйеуінің смс-хаттардың кесірінен араларында жанжал туған.
Осы сәтте сотталушы жәбірленушіні балағаттап, жұлқылап, бірнеше рет аяусыз, аса қатыгездікпен ұрып-соғып, еденге құлатып, басынан шыны бөтелкемен ұрып, оның ұялы телефонын алып қойған.
Жәбірленуші өміріне қауіп төніп тұрғанын және әрі қарай өмір сүру мүмкіндігінен айырылып қалуын сезініп, азаматтық некедегі күйеуінің ұрып-соғу әрекеттерінен құтылу мақсатында қонақ бөлмедегі лоджиядан өз еркімен секірген. Нәтижесінде жәбірленуші А-ның денсаулығына "ауыр" дәрежелі зиян келіп, І топ мүгедектігі тағайындалған.
"Тағы бір Салтанат": Алматыда бұрынғы әйелін ұрып-соққан ер адам қамауға алынды
Сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамады. 2022 жылғы сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес жәбірленушінің денсаулығына "ауыр" дәрежедегі зиян, ал 2024 жылғы қосымша сараптама қорытындысына сәйкес, жеңіл дәрежедегі зиян келгені бекітілген.
Жәбірленуші А материалдық шығын және моральдық зиян өндіруді сұраған.
“Сотталушы А Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде өтеуге белгіленді, Қылмыстық кодекстің 49-бабы негізінде "майор" шенінен айырылды”, – делінген сот үкімінде.
Сонымен қатар 4 054 181 теңге материалдық шығын және 5 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Қызылордалық жігіт 21 жастағы әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.

Ирандағы шиеленістен соң мұнай құны өссе, Қазақстанда доллар бағамы төмендей ме – Сарапшылар жауап берді
