Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік ер адам бұрынғы сүйіктісіне хабарлама жазып, қоңырау шалғаны үшін қамауға алынды

Фото: nemolchi.uz

Шымкентте әйелдерді қудалау деректері бойынша екі ер адам қамауға алынды. Полиция мәліметінше, күдіктілер жәбірленушілермен бұрын қарым-қатынаста болған және олардың бірі қудалаумен қатар күш қолданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты жасалған сталкингтің екі дерегін анықтап, жолын кесті. Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын-соңды таныс болған.

"Алғашқы оқиғада қала тұрғыны полицияға бұрын қарым-қатынаста болған ер адамға қатысты арызданған. Қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан, күдікті әйелді мазалауын жалғастырған: түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған. Жәбірленуші онымен байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден қашқанымен, қудалау тоқтамаған. Осылайша, күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды", – делінген хабарламада.

Екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған жайт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданды.

Полиция мұндай құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалар қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.



Еске салайық, бұған дейін 21 жастағы жігіт бұрынғы қызын аңдып, балағаттап, қорқытып жүрген. Жігіт ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Енді ол сталкинг фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 12:49