Шымкенттегі Нұрайдың өлімі: Президент тапсырмасынан соң салғырттық танытқан полицейлерге іс қозғалды

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов салғырттыққа жол берген қатардағы полицейлерге қатысты қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент 20 қаңтарда жергілікті полицияның әрекетін тексеруді тапсырған болатын. Себебі полиция қыздың өзін аңду туралы бірнеше рет жасаған өтініштеріне тиісті деңгейде жауап бермеген. Соның салдарынан ол қаза тапты.
Президент тапсырмасынан соң сол күні жергілікті полиция басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды. Ал 22 ақпанда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов салғырттыққа жол берген қатардағы полицейлерге қатысты қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.
Қайғылы оқиға орын алып, оған президент назар аударғаннан кейін ғана мемлекеттік органдар істі қарай бастады.
Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, қарсылық көрсеткені, одан кейін шабуылдаушының оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағаны, соңынан оқиға орнынан бой тасалағаны көрінеді. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.
Оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде аталып отыр. Ол шабуылдан кейін көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Қаза тапқан Нұрай Серікбай студент болған, ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Отбасында кенже бала болған, артында екі ағасы қалды. Қызбен қоштасу рәсімі 13 қаңтар күні Төрткөл ауылында өтті. Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Марқұмның туыстары оның бұған дейін қызды ұрлап әкеткенін де алға тартады.
"Сан алуанын көрген соң жігіттерге қызығушылығым мүлде жоғалып кетті": Бодимассажбен айналысқан қазақстандық қыз бастан кешкенін айтты