Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі ХҚКО қызметкері тұрғындарды 200 миллионға жуық теңгеге алдап кеткен

Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотта қаралды. Әйел аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыпталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: trn-news.ru

Мәліметтерге сенсек, әйел мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесемін деп тұрғындардан сыйақы сұраған. Барлық эпизодтар бойынша шығын көлемі 184,3 миллион теңге. 

2022 жылы ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, 20,0800 гектар жер учаскесін жекешелендіруге көмектесемін деп уәде берген. Кейінірек бірлескен тестілеу орталығын ашуды ұсынған және мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесуге уәде берген. Айыпталушы жәбірленушіден өз қызметі үшін жалпы 113 миллион теңге көлемінде ақша алған.

Қалған жәбірленушілер де мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер алуға тиіс болған: сотта осындай 14 эпизод айтылды, жалпы шығын 71,3 миллион теңгені құрады.

Айыпталушының кінәсі оның өз жауаптарынан, жәбірленушілердің айтқандарынан, заттай айғақтардан, алып қою хаттамаларынан, беттестірулерден және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдерден дәлелденді. Әйел өз кінәсін ішінара мойындады. Нәтижесінде сот оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Азаматтық талаптар қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталығының орынбасары алаяқтық бойынша күдікке ілінгенін жаздық. Деректерге сүйенсек басшының орынбасары құжаттарды кедергісіз қабылдау және жүргізуші куәліктерін алу үшін автомектеп курсанттарын емтихан тапсыруға жіберу сылтауымен жергілікті кәсіпкерден 930 мың теңге сомасында алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденген деп күдіктелді.

Талқылау