Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі дизель тапшылығы: Жүк көліктері тоқтап қалды

Шымкентте дизель тапшылығынан  жүк көліктері қаңтарылып тұр.  Май құю бекеттері жағармайды небәрі 50-100 литрден ғана беріп жатқан көрінеді.  Оның өзінде ұзын сонар кезек, кейбіреулерге тіпті жетпей қалғанын айтады жүргізушілер, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Ауыр жүк көліктері жағармайдың жоқтығынан қаңтарылып тұр. Жеке кәсіпкер Тұрмахан Әміровтың айтуынша,олар құрылысқа қажет материалдарды жеткізуде тапсырысты дер кезінде орындай алмай жатыр.  Көп бекетте дизель мүлдем жоқ, тек ірі май құю бекеттерінен алуға болады. Бірақ, оның өзі шектеулі дейді.

“Үлкен жанармай бекетерінің өзінде 100 литрден, кейбіреуі 50 литрден береді. Мысалыға мен ертең машинамды Созаққа жіберуім керек, ал ол жаққа 300 литр солряка керек. Ал мен ол 300 литр солярканы бір күн жүріп ана жанармай бекеті, мына жанармай бекеті лимитпен құйып, жинауым керек”, –дейді кәсіпкер Тұрмахан Әміров. 

Көлік жүргізушілердің сөзінше,  бір айдан бері жағдай осындай. Сенбі - жексенбі күндері  мүлдем таппай қаламыз дейді.   

“Өте жағдай ауыр боп тұр. Әрбір жанармай бекетіне барып кезекте тұрасың соляркаға,  50 литрлеп береді. Онда да очередке тұрасың. Тура кезегің келген кезде  бұл жерде лимит бітіп қалды деп солярканы бермей қояды. Сол жерде түнімен қонып қалатын кездер болады”, – дейді көлік жүргізушісі Темірхан Қобланов.

Дизель тапшылығының зардабын қарапайым тұрғындар да  көріп отыр.   Қала көшелерінде тұрмыстық қалдықтар уақытылы алынбай жатыр. Әр үйдің алдында таудай үйілген қоқыс. Кемі үш аптадан бері  осылай тұр.  

“Әр бейсенбі күні күтеміз. Асты құрттап жатыр. Қайта-қайта қаптаймыз, қайта-қайта иттер шашып кетеді, мысықтар шашып кетеді. Ит қорлықпенен сасық, далаға мүлдем жата алмай қалдық. Далада отыра алмай да қалдық. Звондайды, "май жоқ" дейді”, – дейді тұрғындардың бірі Бибісара Өтел.

"Өңірлік Жанар-жағармай" қауымдастығының төрағасының айтуынша,  бұл  ашықтық пен бақылаудың жоқтығынан.     

“Жоғарыдан, мұнай өңдеушілер, қор ұстаушылардан бастап тексеру керек. Солар қанша өңделіп жатыр, ол шыққан өнімдері қайда кетіп жатыр? Дұрыс бөлінбей жатыр! Мәселенің бәрі осында ғой”, - дейді өңірлік жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров.  

Ал қалалық кәсіпкерлік басқармасындағылар тапшылыққа күзгі жиын-терім мен жағармайдың уақытылы жеткізілмеуі себеп дейді. Дегенмен, "біз бағаны ғана бақылай аламыз" деген әкімдік өкілі  мәселенің шешілетініне сенімді.  Қоқыс тасымалдаушы  компаниямен келісім шарт жасалып жатқанын айтты. 

Талқылау