"Есіктің сыртында ұлы күтіп тұрған": Шымкентте базар басшысы саудагер әйелді зорлады деген күдікке ілінді

Шымкенттегі базарлардың бірінің басшысы саудагер әйелді зорлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зорлық туралы құқық қорғаушы Ләззат Ракишева мәлімдеді. Оның мәліметінше, саудагер әйел жалдау ақысын кейінге шегеру мәселесін шешу үшін басшысына барған кезде ер адам оған дөрекілік танытып қана қоймай, өз кабинетінде зорлаған.
Құқық қорғаушы Ләззат Ракишеваның ақпаратына сүйенсек, әйел үш баланы өзі асырап отыр, күйеуінен де зорлық көрген, күнкөрісін базарда сауда жасап табады. Саудасы төмендеп кеткендіктен, жалдау ақысын уақытында төлей алмаған. Әкімші оны кабинетіне шақырып, “басқаша есептесуді” ұсынған.
“Ол оны кабинетінде зорлады. Есіктің сыртында ұлы күтіп тұрған. Әйел сол күні-ақ полицияға барып, арыз жазған. Бірақ оған “өзің кірдің ғой, демек бәрі өзара келісіммен болған” деген жауап айтылған”, – деп жазды құқық қорғаушы.
Полиция не дейді?
Шымкент қалалық полиция департаменті дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, азаматша Е.-нің арызы бойынша сол күні қылмыстық іс тіркелген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, оқиғаға қатысы бар барлық тұлға мен куәгерлерден жауап алынған. Әр тараптың уәждері тексеріліп жатыр.
“Тергеу барысында оқиғаның нақты барысын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін объективті материалдар бар. Қорытынды құқықтық баға тергеу нәтижесіне сәйкес, заң талаптарына сай беріледі”, – деп мәлімдеді полиция.
Алматыда 13 жасар қызды зорлап, ВИЧ жұқтырған ер адам өмір бойына сотталды
Айта кетейік, Шымкентте жұмыс іздеген 18 жастағы студент ер адамнан зорлық көріп, интимдік қызмет көрсетуге мәжбүр болғаны хабарланған еді. Ал қыздың туыстарының айтуынша, күдікті де, интим қызметті ұйымдастырушылар да әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған.
Оқиға былтыр жазда болған. Жәбірленушіге әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыру келіп, оған жауап беріп, кейіннен “боди-массаж” қызметін көрсететін ғимаратқа барған. Бірақ кейін ол сол жерден шыға алмай қалған. Олар қызды күштеп ұстаған. Есіктің қасында күзетшілер тұрған. Ал қызметкерлер оған тек тұрғындарға массаж жасайтынын айтып, уәде еткен.
Зардп шеккеннің шағымына қарамастан, ғимарат әлі де монша ретінде жұмыс істеп тұр. Қазір іс “Зорлау” бабымен тергеліп жатыр. Полицияның мәліметінше, қажет сараптамалар тағайындалды. Нәтижелері шыққан соң соңғы процессуалдық шешім қабылданады.
"Ешқандай адам өте алмайды": Шетелдіктер қазақ тілінен тапсыратын тесттің қиындығына шағымданды