Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі 21 жастағы Нұрайдың өлтірілуіне қатысты іс ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды

Фото: Марқұмның жақындарының жеке мұрағатынан

Шымкенттегі 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлтірілуіне қатысты қозғалған қылмыстық істің тергеу барысы ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, аталмыш іс бойынша ең тәжірибелі қызметкерлерден арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.

“Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан уақтылы шаралар қабылданбауы мүмкін деген пікірлер мен уәждер бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды”, – делінген хабарламада. 

"Әр қадамын аңдып, күні-түні маза бермеді": Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың жақындары сұмдық жайттардың бетін ашты

Желіде Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрайдың қаза болар алдындағы видеосы пайда болды


Сондай-ақ министрлік күдіктінің сот санкциясымен қамауға алынғанын, қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша күдіктінің барлық әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін атап өтті. Тергеу барысында түскен барлық мәліметтер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мұқият тексеріліп, талданып жатыр.

Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмғаны туралы жазған едік. Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды. Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған. 

Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 22:25