Шымкентте жастарды жалға берілген пәтерден сот арқылы шығарып жатыр

Видеодан скриншот
Шымкентте бес жыл бұрын жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бүгінге дейін алғашқы болып қоныстанғандардың 576 баспанасы коммуналдық қорға өтті. Ал кейбірінен үйді сот арқылы қайтарып алмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкентте 5 жыл бұрын жұмысшы жастарға берілген пәтерлер мемлекетке қайтарылып жатыр. Еске салсақ, сол кездері 3800-ден астам баспана уақытша жалға берілген еді. Бүгінде бағдарлама мерзімі аяқталып, 576 үй коммуналдық меншікке өткізілген. Алайда кейбірі баспанасын босатпай отыр екен. Қазір оларды мәжбүрлеп шығару жұмыстары жүріп жатыр.
“Қазіргі таңда босатылған пәтерлерден бөлек сот органдарында 314 пәтерді босату бойынша талап арыздар қаралуда. Олардың 266-сына сот шешімі шыққан. Яғни сот шешімі шығып, оларға ары қарай жылу маусымына байланысты келесі жылы тұрғын жайлардан шығарылатын болады”, – деді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Түлебаев.
Жастарға уақытша берілген баспаналар түптің түбінде мемлекетке қайтады. Одан кейін бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған, мұқтаж азаматтарға табысталмақ. Ал тозығы жеткен пәтерлер алдымен жөндеуден өткізіледі.
Алайда пәтерін босатқан жұмысшы жастар баспанасыз қалмайды. Мемлекет оларды басқа бағдарламалар арқылы қолдауды жалғастырып отыр. Қазіргі таңда 500-ге жуық жас маман несиеге тұрғын үй алып үлгерген.
Бүгінде "Қамқор" өңірлік бағдарламасы бойынша 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазірге дейін оның 9,5 млрд теңгесі игерілді. Осы кезде бағдарлама арқылы үйлі болуға ниетті тағы 22 азаматтың өтінімі қаралып жатыр.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты