Шымкентте ұрысып жатқан ата-анасын ажыратпақ болған қыз жапа шекті
Фото: Ru.freepik.com
Шымкентте қыз жанжалдасып жатқан ата-анасын ажыратамын деп әкесінің қолынан зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 1-бөлігі бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) айып тағылды.
"Ол 2025 жылы мамыр айында үйінде әйелімен жанжалдасып жатып, араша түскен қызына жеңіл зардап келтірген", – делінген хабарламада.
Айыпталушы өз кінәсін мойындады. Оның кінәсі куәгердің жауабымен, оқиға орнындағы хаттамамен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдермен расталды.
Жәбірленуші әкесімен татуласып, істі тоқтатуды сұрады. Айыпталушы қызымен татуласқанын айтып, қылмыстық істі тоқтатуды өтінді.
Сот әкесі мен қыздың татуласуын, келтірілген зиянның өтелуін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, іс жүргізуді тоқтатты. Қаулы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық немесе ауырлығы онша емес не орташа ауыр қылмыс жасаған адам (Өлімге соқтырмаған жағдайда), егер жәбірленушімен, арызданушымен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянның орнын толтырса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы
