Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте сотталушы түзеу мекемесінде жасырын жиындар өткізіп, сотталғандарды экстремистік әрекеттерге шақырған

Түзеу  мекемесіФото: freepik.com

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы А-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің экстремистік әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру бабымен айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қалалық сот мәліметінше, А 2025 жылдың сәуір мен мамыр айы аралығында №54 түзеу мекемесінің аумағында жасырын жиындар өткізіп, "Х" экстремистік ұйымының көзқарастарына жататын радикалды жазбаларды оқып беріп, жиынға қатысушыларды экстремистік әрекеттерін ұйымдастыру мақсатында азғырып көндірген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденген.

Сотталушы кінәсын мойындап, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

Сот жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында 5 баласы болуын, ал ауырлататын мән-жайларға қылмыстардың қайталануын жатқызған.

"Сот А-ны Қылмыстық кодекстің 259-бабы 1-бөлігімен (Экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру) қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекстің 60-бабы 1,4-бөліктерін (Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау) қолданып түпкілікті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 11:51
Талқылау