Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте шахматтан 1-ші Ашық кубогы және Балалар кубогының 6-шы кезеңінің тұсауы кесілді

Биылғы күзде Шымкент қаласы шахмат әлемінің жұлдыздары мен шахмат сүйер қауым өкілдері бас қосқан жерге айналды. Осынау ғасырлар қойнауына кеткен бай тарихы бар қалада Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған бірнеше іс-шара қатарынан өтіп жатыр. 

29 қазанда Шымкентте ашылатын 2024-2025 жылғы ФИДЕ әйелдер Гран-приінің 2-ші кезеңі аясында осы іс-шарамен қатар 2024 жылғы Қазақстан Балалар Кубогының 6-шы кезеңі – В.В. Печерский Мемориалы және Шымкенттің 1-ші Ашық Кубогы басталды. 

Қос кубоктың ашылу салтанаты 26 қазанда "Көрме орталығында" өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Нарымбетов Бахадыр, басқармалар мен KazChess өкілдері, турнирде бақ сынасатын шахматшылар қатысты. Әр жарыстың 9 туры осы орталық ғимаратында 1 қарашаға дейін күн сайын өтеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасындағы блиц-турнир ұйымдастырылды.

"Федерация еліміздің барлық өңірінде шахмат спортын кеңінен таратуға ұмтылады. Ардақты Шымкент қаласында әлемнің 10 үздік шахматшысы қатысатын әйелдердер арасындағы ірі халықаралық турнирін өткізу – дүниежүзілік шахмат сахнасындағы Қазақстанның атқаратын рөлі мен алатын орнын нығайтудың тағы бір тамаша мүмкіндігі. Сонымен қатар дәл осы жерде Балалар Кубогының финал алдындағы кезеңін және маңызы зор айналма турнирді ұйымдастыру барған сайын көп адамның зияткер ұлтты қалыптастыруға көмектесетін осынау игілікті ойынға әуес болуына жол ашады", – деп атап өтті салтанатты жиын барысында KazChess вице-президенті Марат Есенов.

Шымкенттің 1-ші ашық кубогы – 2024 жылы KazChess өткізетін гроссмейстер нормасымен (GM) және халықаралық шебер (IM) нормасымен айналма жүйе бойынша өтетін 10 турнирдің бірі. Осындай әр турнирге еліміздің ересектер мен жасөспірімдер құрамаларының мүшелерінен, сондай-ақ басқа да қазақстандық және шетелдік шахматшылардан тұратын  10–12  ойыншы қатысады.

Шымкент кубогына 4 шетелдік гроссмейстер – Израильден келген Евгений Алексеев (2537), Грузия шахматшысы Леван Панцулая (2521), Өзбекстан ойыншысы Саидали Юлдашев (2402) және Беларусь өкілі Алексей Фёдоров (2398) қатысады. Сондай-ақ үміткерлердің құрамында жас әрі өршіл 6 шахматшы: Шымкенттен шыққан халықаралық шебер Әбілмансұр Әбділқайыр (2358), ФИДЕ шеберлері Бексұлтан Молдағали (2404), Лия Құманғалиева (WGM, 2324), Иманғали Ақылбай (2282), сондай-ақ көрші Қырғызстаннан келген қонақтар – ФИДЕ шебері Элдияр Орозбаев (2403) және халықаралық шебер Асылбек Абдыжапар (2368) бақ сынасады. 

Турнирдің жүлде қоры 3 миллион теңге, оның 1,2 миллион теңгесін жеңімпаз алады. 2-ші орынға шыққан шахматшыға 800 мың теңге бұйырады, ал 3-ші орын үшін – 500 мың теңге, 4-ші орын үшін – 300 мың теңге және 5-ші орынды иеленген жарысушыларға 200 мың табыс етіледі.

Еліміздің балалар кубогының соңғы кезеңі болып есептелетін 2024 жылғы Қазақстанның Балалар Кубогының 6-шы кезеңіне 10 жасқа дейінгілер санатындағы 163 жас шахматшы және 14 жасқа дейінгілер санатына жататын 128 шахматшы қатысады.

Биыл KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ересектерге арналған көп сатылы Қазақстан кубогымен қатар Қазақстанның Балалар кубогын да өткізіп жатыр. Ол 6 кезеңнен (әр кезеңнің жүлде қоры – 3 миллион теңге) және 19-26 желтоқсан аралығында Алматыда өтетін финалдан тұрады.

Бұған дейін кубоктың бес кезеңі Тараз (23-29 нарыз), Қызылорда (Аралбай Махамбетов Мемориалы, 12-18 мамыр), Қостанай (А.Г. Уфимцев Мемориалы, 23-29 маусым), Атырау (23-30 шілде) мен Павлодарда (22-28 тамыз) өтті.
А турнирінде 14 жасқа дейінгілер (2010 жылы және одан кейін туған) санатындағы 128 қатысушы, соның ішінде рейтинг бойынша фаворит Әлтайыр Қажымұратов (1964, Алматы) пен Әлихан Хажатұлы (1959, Астана), сондай-ақ алдыңғы кезеңде жеңімпаз атанған Мақсат Байсалбеков (1792, Ұлытау облысы), Әмір Төлегенов (1925, Павлодар облысы) және қыздар арасындағы Кубок кезеңдерінде үш мәрте жеңіске жеткен Мәлика Жаппарбекова (1755, Астана) бақ сынасады.

Б турниріне қатысуға 10 жасқа толмаған (ең ерте дегенде 2014 жылы туған) 163 ұл мен қыз бала тіркелген, оның біреуі Қырғызстан ойыншысы. Бұл жерде рейтинг бойынша фаворит, 8 жасқа дейінгілер санатындағы (U8) Қазақстан-2024 чемпионы алматылық Нұрмұхамед Елемес (1735) болып отыр, ал оның негізгі бәсекелестерінің арасында Айсултан Бисалиев (1699, Астана) пен Кубоктың 2-ші кезеңінің жеңімпазы Рахим Мақсатұлы (1673, Алматы) бар. 

Атап өтейік, балалар турнирі жүздеген қазақстандық шахматшыны дайындаған дарынды тәлімгер және педагог Вячеслав Владимирович Печерскийдің құрметіне арналған. Оның шәкірттерінің ішінде 2016 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы Жұбан Биғабылов және Қазақстанның рейтинг көшбасшысы, гроссмейстер Ринат Жұмабаев бар.

Талқылау