Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың сынынан кейін Шымкент полиция департаментінің басшысы мен орынбасарлары қызметінен кетті

шымкент полиция департаментіФото: Шымкент полиция департаменті

Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының жергілікті құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты тәртіптік жаза қолданылғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкентте бірқатар жоғары лауазымды күштік құрылым өкілдері қызметінен босатылды. Олар: Шымкент полиция департаментінің басшысы Н.Алмасбеков, оның орынбасарлары, Қаратау аудандық полиция бөлімінің бастығы Сахов пен Қалдарбеков және оның тергеу жөніндегі орынбасары.

Сонымен қатар полиция департаментінің тергеу басқармасы басшылығы да қызметінен шеттетілді. Енді қылмысты жасыру фактісі бойынша тергеу басталмақ. Ақпаратты марқұм Нұрай Серікбайдың адвокаты Аянхан Омаров хабарлаған. Оның айтуынша, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде 21 жастағы студент қыздың өлтірілуінен кейін Шымкент полициясының жұмысын тексеруді тапсырған болатын. Марқұмның отбасы қыздың қабылданбаған жігіттің қудалауына байланысты бірнеше рет құқық қорғау органдарынан көмек сұрағанын айтқан.

"Қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде басқарушылық жауапкершілік тәртібімен тәртіптік шаралар қабылданды", – деп мәлімдеді ІІМ.

Тексеріс қорытындысы бойынша Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы және оның бірінші орынбасары атқарып отырған қызметінен босатылды. Сонымен қатар ішкі істер органдарынан бірқатар лауазымды тұлға жұмыстан шығарылды.



Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, қарсылық көрсеткені, одан кейін шабуылдаушының оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағаны, соңынан оқиға орнынан бой тасалағаны көрінеді. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.

Оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде аталып отыр. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 17:52