Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте өткен жылы қомақты қаржыға егілген 8 мың түп ағаш қурап қалған

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте өткен жылы қыруар қаржыға егілген ағаштар жаппай қурап жатыр. Күтім көрмеген тал-теректердің көп ұзамай солып қалғаны тұрғындар мен қоғам белсенділерінің ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғындардың айтуынша, биыл көктемде егілген көшеттер де суарылмай, жарамсыз күйге түскен. 

Ағаштар қаладағы Әл-Фараби көшесінде. Былтыр ғана егілген 8 мың түп ағаштың біреуі де бүр жармай, қурап қалған. Қоғам белсендісі Сабыржан Байбосыновтың айтуынша бюджеттен бөлінген миллиондар осылай желге ұшқан.

“Ағаш қурамайтын уакытта ағаштардың қурап бара жатқаны жаныңа батады. Жылда осыншама ағаш егіп, ол қурап кетіп жатса, онда Шымкент қаласында көгалдандыру жұмысын мүлде тоқтату керек. Ақша бекерден бекерге шашылып, егілген көшеттерге күтім жасалмай отыр”, – дейді қоғам белсендісі. 



Көшеттердің солуы көпшіліктің де ашуын туғызды. Мәселен, қалада 500-ге жуық шынар ағашының жапырақтары сарғайып кеткен. Көшеттерден бөлек ғасыр бұрын егілген жасыл-желек те қазір аянышты күйде. Су көрмеген шыршалар, қара ағаштар құлауға шақ тұр. 

Ағаштардың қурап жатқанын әкімдік өкілдері де мойындайды. Олардың мәліметінше, жас көшеттер қала топырағын жерсінбегеннен көгермей тұр.

“Біз өзіміздің басқарма тарапынан мамандар больп, мониторинг жүргізгенбіз. Оны жасырмаймыз. Қураған ағаштар бар. Бірақ ол мемлекетке берген кепілдемесі ретінде ағаш егілген мекеме алдағы күзде ағаш егу маусымында егіп береді”, – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Айдос Қуанышев. 

Жұмыстары өнбей жатса да жайлы ортаны дамыту басқармасы қаладағы көгалдандыруды тоқтатпаймыз дейді. Өйткені биыл да бұл бағытқа 1 миллиард теңгеге жуық ақша бөлініп, 200 мың көшет егілмек.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде ағаштарды кесіп, жаңа нысан салмақ болған кәсіпкердің әрекеті тұрғындарды ашуландырғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 10:27
Талқылау