Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте оқу-жаттығу жиынына барған полицей мүгедек болып қайтқан

Фото: Stan.kz

Шымкентте оқу-жаттығу жиынына барған полиция қызметкері мүгедек болып қайтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Экс-полицей Бақдәулет Қалаубаевтың жанарынан айрылғанына биыл 4 жыл болыпты. Осы уақыттан бері ер адам аурухана мен прокуратура арасында сандалуға мәжбүр. Сөзінше Шымкент қаласының полиция департаменті денсаулығынан айрылған қызметкерін далада қалдырған.

Өмірінің 13 жылын құзырлы органға арнаған Бақдәулет Қалаубаев қазір үшінші топ мүгедегі. 2022 жылы Ақтастағы полигонда граната лақтырамын деп ұшқыны көзіне тиген екен. Содан бері бір жанары мүлде көрмейді. Ал екіншісі күн өткен сайын солып барады дейді экс-полицей.

“Қарапайым киіммен, форманың екінші подменкасы деп аталады ғой. Соны киіп барғанбыз. Тек қана сонымен лақтырдық. Ешқандай қорғаныс құралдары болған жоқ. Көзілдірік мысалға, каска, оқ өтпейтін кеудеше ештеңе болған жоқ. Соның кесірінен осындай жарақат алып отырмыз. Мен жарақат алғаннан кейін келесі аптасынан бастап, көзілдірік кигізіп, заң бойынша жұмыс істеп жатыр ғой ол жақ”, – дейді Бақдәулет Қалаубаев. 

Содан бері денсаулығымен алысып жүрген Қалаубаев қазір далада қалдым дейді. Өйткені қызметке жарамсыз деп танып, жұмыстан шығарып жіберген. Әзірге ипотекаға алған үйін мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақымен жабуға мәжбүр.

“Жұмысқа жарайтын кезіңде тревогасы бар, басқасы бар кез-келген уақытта шақырады. Барасың. Ал менің бір көзім мүлде көрмей қалып, жарамай қалған соң далада қалдық қой. Далаға жарамсызсың деп шығарып жібергендей болды. Ешқандай көмек көрсетілмеді маған. Ешқандай көмек алған жоқпын. Мені ішкі істер қатарынан шығарғаннан кейін аз ғана ақша түсіріпті. Ол менің жыртығымды жамамайды. Дәрілерімнің ақшасына жетпейді”, – дейді экс-полицей. 

Ал полиция пепартаментінің баспасөз қызметі бұл мәселеде ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтады.

“2023 жылы осы факті бойынша Шымкент қаласы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеріс жүргізді. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ. Сонымен қатар, жәбірленушінің уәждерін ескере отырып, қазіргі уақытта қайта тексеріс басталды. Оның аясында бұрын қабылданған шешімнің негізділігіне жан-жақты әрі объективті баға беріледі”, – делінген Шымкент қалалық полиция пепартаментінің жауабында. 

Әділдік іздеген бұрынғы қызметкер арыз жазып, сотқа жүгінуге кіріскен. Басты мақсаты мүгедек атанғанына кінәлі адамдарды анықталып, жазаға тартылса дейді.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі атышулы оқиғалардан кейін полиция департаментіне жаңа басшы келгені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 20:02