Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрайдың туыстары полицияны немқұрайлылық танытты деп айыптады: Оларға қатысты тергеу басталды

Видеодан скриншот
Шымкент полициясы мерт болған 21 жастағы әйелдің туыстары бұрын көмек сұрап жүгінгені, бірақ тиісті жауап алмағаны туралы ақпаратқа қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрайдың жағдайы көптің жағасын ұстатты.
"Шымкентте 21 жастағы қыздың өлімінің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған бірқатар тергеу және жедел шаралар жалғасып жатыр. Күдіктіге сот шешімімен қамауға алу шарасы тағайындалды. Марқұмның туыстары ұсынған барлық дәлел мен факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі. Қылмыстық істі тергеудің барысы Шымкент полиция департаменті бастығының жеке бақылауында", – деп түсіндірді қалалық полиция.
Бұған дейін Нұрайдың жақындары күдікті Аймахан Шерханның былтыр жаз айында тойда танысқан соң соңынан қалмағанын, полицияға шағымданғанмен арызын қабылдамай қойғанын айтқан еді.
“Күдікті Аймахан Шерхан Нұрайды “Мені темір торға қамай алмайсың” деген сөзбен қорқытқан. Марқұм Нұрай күзгі семестр басталғалы бұрынғыдай күліп-жайнап жүрмейтін болды. Оған Аймахан Шерхан себеп. Олар жаз мезгілінде тойда танысып, бастапқыда артынан қалмай көңіл білдіріп жүрген. Алайда уақыт өте келе Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Ақырында, қыздың да, ата-анасының да айқын қарсылығына қарамастан, Нұрайды Алматы қаласынан Шымкентке күштеп алып қашқан”, – дегене еді.
Айта кетейік, бұған дейін 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған. Жақындары марқұмның денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысындағы Төрткөл ауылына жерлеу үшін алып кетті.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)