Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте қала күніне орай Otbasy Fest шарасы өтіп, 20 отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алды

Қала күніне орай Отбасы банк OKS group, Kanfar building, Отаu Group, Pioneer Group құрылыс компанияларымен бірігіп, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Наурыз алаңында Otbasy Fest атты кең ауқымды отбасылық шара ұйымдастырды. Мерекелік кештің басты мақсаты – жинақ және қаржылық сауаттылық мәдениетін дамытып, халық арасында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын дәріптеу. 

Otbasy Fest аясында "Отбасы банк" АҚ ауылдық аумақтарды дамыту және сату департаментінің директоры Гүлмира Датқаева және жергілікті құрылыс компанияларының өкілдері тұрғындарды жаңа баспаналарымен құттықтап,  "Қамқор" бағдарламасы бойынша 20 жаңа пәтер иесіне кілттерін салтанатты түрде тапсырды. Біз пәтер кілтін табыстаудың алдында сахна сыртында қобалжып тұрған су жаңа пәтер иелерін әңгімеге тарттық. Баспанаға қол жеткізгендердің қатарында 33 жыл ішкі істер органдарында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан Ақмарал Тоғайбаева бар. 

“Мен осы уақытқа дейін баламмен бірге пәтер жалдап келдім. Баспанам болмады. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметкер ретінде үй кезегінде тұрдым. Он жылдан аса уақыттан бері қаржы жинадым. Үнемделген қаржыны депозитке құйып отырдым. Нәтижесінде Отбасы банк арқылы Отаu Group компаниясының "Жас отау" тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі (61 м²)  таза әрленген пәтер алдым. Сапасы жақсы. Құрылыс компаниясының қызмет көрсетуі де ұнады. Бүгін қала күнінің қарсаңында салтанатты жағдайда пәтер кілтін алдым, сондай қуаныштымын. Әр қазақстандыққа осындай қуаныш нәсіп болсын!” - дейді Ақмарал Жасынқызы. 

"Қамқор" бағдарламасы арқылы пәтерге қол жеткізген Жанат Өтебаева Отбасы банкінде депозит ашып, жолдасы екеуі үш жылдан бері үздіксіз қаржы құйып келгенін айтады. Салымшы ретінде конкурстарға қатысып, бағын сынап жүріпті. 

“Үш жыл дегенде OKS group компаниясының Asar House тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі (59 м²) пәтер алдық. Өзім білім саласында еңбек етемін. Екі ұлымыз бар. Бұған дейін ата-енемізбен бірге тұрдық. Жақында жаңа пәтерімізге қоныс аударамыз”, - дейді Жанат Нұрланқызы. 

Ал Гүлдана Ботабекова 2017 жылдан бері мемлекеттік қызметші ретінде үй кезегінде тұрған. Медициналық лабораторияда жұмыс істейді екен. Осы уақытқа дейін ай сайын 70 мың теңгеге пәтер жалдап тұрыпты. 

 “Бірінші ата-енеміздің қолында тұрғанбыз. Сосын пәтерге бөлек шықтық. Ай сайын үнемдеп 70 мың теңге пәтерге де төлеп келдік қой. Оданша 163 мың теңгеден өз пәтерімізге құйғанымыз жақсы емес пе?! 13 жыл деген көзді ашып-жұмғанша өте шығады. 2009 жылы депозит ашып, ақша жинай бастадық. Шыны керек, басында дым да сенбегенбіз. Күйеуім саудагер. Есепке жүйрік. Мен жалақымды ала салып, жолдасыма әкеліп беремін. Ай сайын ең азы 20 мың теңгеден салып отырдық. Депозитте 3 миллион теңгедей жиналды. Asar House тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі (60 м²) өз баспанамызға қолымыз жетіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Алған пәтеріміз 10 пайыздық алғашқы жарнамен 21 миллион теңгеге шықты ”, - дейді Гүлдана Серікқызы. 

Құрылыс компанияларының үйлері қалада инфрақұрылымы дамыған аудандарда орналасқан. Қазіргі таңда аталған "Қамқор" өңірлік бағдарламасы тұрғындардың баспаналы болуында бірегей жобалардың бірі. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің өңірлік бағдарламасы арқылы 368 тұрғын баспаналы болды.

Шара барысында Отбасы банкінің "Наурыз", "Наурыз Жұмыскер", "Ұмай", "Ақыл" және т.б. бағдарламалары туралы ақпарат беретін консультациялық аймақтар жұмыс істеді. Онда азаматтар өзін қызықтыратын сұрақтарға жауап алды. Айжан Жұмабекқызы мен Ұлдықыз Айнақұлова қолайлы тұрғын үйлерді қарастырып жүр екен. Көрші тұратын қос әжей немерелеріне пәтер алуды көздеп әрі кешкі уақытта серуендеп, мерекелік концерт тамашалауға келіпті. "Немерелер ер жетті. Жақында үйлендіреміз. Соған үй қарастырып жатырмыз. Өздері жұмысбасты. Сосын пәтер қарастыруға өзіміз кірісіп кеттік", - дейді әжелер. 

Қала тұрғыны Самат Сахов былтыр Отбасы банк арқылы "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 2 пайызбен үй алыпты. Өзі бірінші топтағы мүгедек екен. 

“Әйелім 10 жыл бұрын депозит ашып, 20 мың теңге салып қойған екен. Сол шотқа інім 1 млн 600 мың теңге құйып берді. Тұраннан 3 бөлмелі пәтер алдық. Сапалы үй екен. 12 жыл бойы айына 105 мың теңгеден төлейміз. Әйелім мүгедектер қоғамында инспектор болып істейді. Бір баламыз бар. Бүгін салтанатты жағдайда пәтер алғандарды көріп, қуанып отырмын. Отбасы банк біз сияқты мыңдаған отбасының шырағын жақты, қуанышына себепкер болды”, - дейді ол. 

Сондай-ақ бір алаңда OKS group, Kanfar building, Отаu Group, Pioneer Group сынды жетекші құрылыс компаниялары жиналды. 

"Іс-шараға келушілер көптеген ұсыныстардың ішінен өздеріне қолайлы тұрғын үйлерді таңдап алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар банк менеджерлерінен жылжымайтын мүлікті сатып алу жөнінде жан-жақты кеңес тыңдап, несие алудың ең тиімді нұсқаларын есептетті. Келушілер Отбасы банкінің консультанттарынан қарыздың төлемі бойынша есеп кестесін жасатып, барлық сұрақтарына жауап алды", - дейді Отбасы банк АҚ Шымкент қаласындағы филиал директорының орынбасары Еркін Ахыншаев.  

Otbasy Fest-ке келушілердің қарасы қалың болды. Пәтер кілттерін беру іс-шарасы одан әрі мерекелік концертке ұласты. Бұл кештің ерекшелігі сол, елімізге танымал эстрада әншілерінің концерттік бағдарламасы болды. Наурыз алаңында Марсель, Qanay және Еркеш Хасен сияқты танымал әртістердің әні әуеледі.  Қызықты квиз сұрақ-жауап ойындары ойнатылды. Фото және селфи аймақтарына тұрғындар суретке түсіп, фотосуреттер байқауына қатысты. Үздік деп танылған 5 адамға арнайы сыйлықтар берілді. Ұтыс ойындары бар интерактивті аймақтарда қала тұрғындары барынша белсенділік танытты. Банктің үздік салымшыларына марапат қағаздары тапсырылды. 

Қазір Шымкент қаласының 231 286 тұрғыны Отбасы банкінде болашақ тұрғын үйлеріне қаражат жинауда. Жыл басынан бері 25 437 қала тұрғыны жаңа салым ашқан. Отбасы банкінің жинақтаушы шоттарына мұндай сұраныс қарыздар бойынша мөлшерлемелердің қолжетімділігімен түсіндіріледі.  Шотта бастапқы жарнаға қаражат жинай отырып, болашақта банк клиенттері төмен пайызбен үй сатып ала алады. Биылғы жылдың өзінде бұл мүмкіндікті Шымкент қаласының 2 108 тұрғыны пайдаланып, қоныс тойын атап өтті.  

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 18:00
Талқылау