Шымкентте ер адам итті көлікке байлап, көшелерде сүйреткен
Шымкентте ер адамның итті шынжырмен көлігіне байлап, жол бойымен сүйреткені түсірілген видео тараған соң үлкен дау туды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Видеоны жануарларды қорғау ұйымдарының бірі жариялап, иттің иесін жауапқа тартуды және жануарды тартып алуды талап етті. Жануарларды қорғаушылар полиция мен прокуратураға арыз түсіріп, мұндай әрекеттерді "төбелеске үйрету" деп ақтауға болмайтынын мәлімдеді. Олар итті қамқорлыққа алып, емдеуге дайын екенін жеткізді.
Полиция ер адамның жеке басын анықтағанын және оны әкімшілік жауапқа тартқанын хабарлады. Алайда белсенділердің айтуынша, ол тек 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлеген, ал ит өзінде қалған. Бұдан бөлек, шағымданушылар өздерінің қауіпсіздігіне алаңдайды, себебі олардың жеке деректері ит иесінің қолына түскен.
Ал ер адамның өзі итті ауылға, бақты күзету үшін осылайша апарғанын алға тартты.
Еске салайық, бұған дейін Талғарлық волонтерлар инспекторлардың иттерді таңдамай, улағыш дротиктермен ататынын айтып шағымданды. Қоғам белсенділерінің сөзінше, үй жануары да өлтірілген. Мәліметтерге сенсек, қаңғыбас жануарларды аулау қызметінің өкілдері өзін ақтап отыр. Аула қызметі иелері иттерін көшеге қараусыз жіберіп, үйірге бірігіп, адамдарға шабуылдайтынын айтады. Зооқорғаушылар қаңтар айының соңынан бастап көшелерде иттердің өлекселерін көре бастаған.