Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте ер адам 2,5 миллион доллар болатын бизнесті алаяқтық жолмен иемденген

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте 2,5 миллион долларлық алаяқтыққа күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полиция мәліметінше, күдікті алаяқтық жолмен бағасы 2,5 миллион доллар болатын бизнесті иемденген.

“Криптовалюта арқылы есеп айырысу сылтауымен ол компания мен мүлікті өз атына қайта рәсімдеуді бастаған. Заңды рәсімдер аяқталған соң бұрынғы иесіне криптоәмиянға кіруге арналған жалған мәліметтер берілген, іс жүзінде төлем жүргізілмеген”, – делінген хабарламада. 

Кейін күдікті жағдайды пайдаланып, компанияда беделге нұқсан келтіретін материалдар бар екенін айтқан. Ал оларды таратпау үшін бұрынғы иесінен 250 мың доллар талап еткен. Ер адам талап етілген соманың бір бөлігі, яғни 150 мың долларды алу кезінде ұсталды.

Алаяқтық және бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Наурыз, 2026 10:28