Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте дәрігерлер үш жасар баланың асқазанынан 16 магнит алып шықты

Шымкентте дәрігерлер үш жасар баланың асқазанынан 16 магнит алып шықтыФото: Видеодан скрин

Шымкент қаласындағы балалар клиникалық ауруханасына іші қатты ауырған үш жасар бала жеткізілді. Дәрігерлер баланы тексеріп, оның 16 магнитті жұтып қойғанын анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Баланың ата-анасының айтуынша, бала ойнап жүріп магниттерді жұтып қойған. Дәрігерлер баланы тексеру кезінде сәбидің іш аймағында айқын ауырсыну белгілері бар екенін байқаған.

Қабылдау бөлімінде балаға шұғыл түрде барлық қажет медициналық шаралар көрсетіліп, содан кейін ол хирургия бөліміне жатқызылды. Құрсақ қуысына жүргізілген рентгенологиялық зерттеу барысында мамандар бөгде заттарды анықтады.

“Тиісті медициналық тексерулерден кейін балаға шұғыл операция жасалды. Видеоэзофагогастроскопия кезінде асқазан қуысынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнит табылды”, — деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Магниттер эндоскопиялық грассердің көмегімен баланың ағзасынан түгелдей алынды. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық, Дәрігерлер оның өміріне төндірген бөгде заттар дер кезінде алынғанын айтты.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 08:44