Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте бұралқы иттер қаптады: Қала халқы өз қауіпсіздігі үшін алаңдайды

Шымкентте жыл басынан бері мыңдаған оқушы қаңғыған иесіз иттерден жапа шеккен. Оқу жылы басталғалы ит қауып, медициналық көмекке жүгінгендердің саны артты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнасының Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Жергілікті тұрғындар шаһарды кезіп жүрген иесіз иттерден қорқып, оларды айналып өтетінін жасырмайды. Ата-аналар мектепке барып-келіп жүрген балалары үшін алаңдайды. 

Дәрігерлер де қаңғыбас иттерден зардап шеккендердің саны артқанын растады.

“Соңғы кезде күніне тіпті, 15-20 науқас көмек сұрап келеді. Олардың көбі балалар. Қаралып жатқан науқастардың арасында иесіз жануарлардан зардап шеккен науқастардың саны 16 пайызға өскен. Бет жарақатымен балалар келіп жатыр, бетін, қолын тістеп тастаған”, – дейді Шымкент қалалық №2 ауруханасының бөлім меңгерушісі Мұхан Өтекеев.

Мал дәрігерлерінің айтуынша, бұралқы иттерді аулау қиынға соғып жүр. Мамандар қолданатын ұйықтатаны дәрілер иттерге әсер етпей, олардан көз жазып қалатын жағдайлар көп.



“Биыл 18 мың ит-мысық ауланған болса, оның 16 мыңы жойылды. Ал оның 1 жарым мыңын ЗОО еріктілер алып кетті. Өздері асырап алды. Бірақ ол алып кеткен иттердің әрі қарай не істейтіні бізге белгісіз”, – дейді Шымкент қаласы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

2024 жылы ит пен мысық аулауға бюджеттен 98 миллион теңге бөлінген. Алайда қазір Шымкентте бар-жоғы 4 бригада қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, адамдардың қауіпсіздігінен гөрі, жануарлардың бостандығын маңызды санайтын еріктілер де иттерді аулайтын қызметкерлердің жұмысына кедергі келтіреді.

Бұған дейін қолына қару ұстап, балалардың көзінше иттерді атқан ер адам астанлықтардың зәрісін алған еді.

Талқылау